Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер – оқиға хронологиясы

11.01.2022 01:36

Қалаға қастандық жасағандар саны 20 мың адам екені белгілі болды

Almaty.tv

Алматыдағы ахуал тұрақталып келеді. Ойрандалған көшелер қайта қалпына келтіріліп, дүкендер мен дәріханалар, қоғамдық көлік ішінара іске қосылды. Ал кешегі толқыған мегаполистің кейпі жаға ұстатарлық еді. Осы ретте бейбіт ереуілдің арты қалай арандатушылыққа ұласқанына тағы бір көз жүгіртсек. Almaty.tv тілшілері оқиға хронологиясын жасаған еді.

2022 жылдың 2 қаңтарында газ бағасының бірден 120 теңгеге көтерілгенін білген Маңғыстау жұрты үдере көтеріліп, қымбатшылыққа қарсы наразылық танытты. Жаңаөзен жұртының билікке қойған талабына өзге өңірлер де қосылып, жағдай лезде бұқаралық сипатқа ие болды. Көп ұзамай өңірге арнайы комиссия өкілдері келіп, Ералы Тоғжанов бастаған азаматтар сондағы ахуалмен жіті танысты. Бастамашыл топпен келіссөздер жүргізіліп, соның нәтижесінде сұйытылған газ құны литріне 50 теңгеге төмендеді. Сондай-ақ алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпау туралы кепілдік берілді.

«Қазақстан Президентінің тікелей тапсырмасына сәйкес құрылған Үкіметтік комиссия бірқатар нақты шешімдер бүгін қабылдады және ол шұғыл түрде жүзеге асырылуда. Біріншіден, сұйытылған газдың 1 литрі 50 теңге болып бекітілді. Облыстық қалалар мен аудандарда газ құнының мөлшерін саралау «ҚазМұнайГаз» АҚ есебінен жүзеге асырылатын болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов (05.01.2022).

Алайда мұнымен жұрт тарқамады. Бұқара «Елдің әлеуметтік жағдайын жақсарта алмаған Үкімет кетсін» деген тағы бір талап қойды. Мұндай митингтің арты бүлікке ұласып, өзге де аймақтарға жайылды. Әсіресе Алматыдағы жағдай күрт шиеленісті. Алдымен қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні халық «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдына жиналып, одан кейін жаппай қала әкімдігіне қарай беттеді. Осы кезде арандатушылар бейбіт халық арасын бүлдіріп, ғимараттарға шабуыл жасады. Жер-жерді өртеп, қару кезенді. Қаскөйлер әкімдік ғимаратына шабуыл жасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтар сағат түнгі сағат 01:30-дан 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал Алматы қаласында сағат 23:00-ден таңғы сағат 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Қаладағы қақтығыс өршіп, бұл жағдай Атырау, Қызылорда, Ақтөбе мен Жамбыл және басқа да облыстарында да шиеленісе түсті. Осыған орай ел Президенті халыққа үндеу жасаса, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарды тәртіпке шақырды.

«Құрметті алматылықтар! Қаладағы ауыр жағдайға байланысты өздеріңізге үндеу жолдаймын. Қаламыздың тыныштығын бұзуға арандатушылар экстремистік әрекеттерімен сырттан да, іштен де әсер етуде. Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірді сақтау мақсатында құқық қорғау органлары қажетті шараларды қабылдады. Қазір қаладағы жағдай биліктің бақылауына алынды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала халқына жасаған үндеуінде.

5 қаңтарда Алматыда содырлардың сойылын соққандар қас-қағым сәтте қаланың күл-талқанын шығарды. Қала әкімдігінің ғимараты, Президент резиденциясы өртке оранып, полиция көліктері жойылды. Бейбіт тұрғындар мен күштік құрылымдарға оқ атылып, көшелер ойрандалды. Дәл осы күні Алматының ауруханаларына 200-ге жуық адам жүгініп, оның 7-уі жансақтау бөліміне түсті.

«54 адам түрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінді. Көбіне «нейрохирургиялық бас мидың шайқалуы» деген диагноз қойылған. Жалпы ауруханаға жатқан адамдар саны – 19. Оның 17-інің миы шайқалып, қалған екеуі жансақтау бөлімінде жатыр», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дәулет Ризахметұлы.

Қалаға қастандық жасағандар саны 20 мың адам екені белгілі болды. Банктер мен дүкендерге, бизнес нысандарына шабуыл жасалды. Лаңкестер қаладағы 7 қару-жарақ дүкенін тонады. Төле би, Райымбек, Абай даңғылдары сияқты басты көшелер жабылды. Отандық телеарналар талқандалды. Халыққа үндеу жасаймыз деп эфир сұраған содырлар ғимараттың ішін қиратып, ақпарат таратуға қажетті техникаларды қолды қылды.

«Бұзақылар көп болды. Шамамен кешкі сағат 19:30 да бұзып кіріп, бүкіл техникамызды бәрін шағып, артынша өрт қойды. Өрт салдарынан екі шағын студиямыз, екі үлкен студиямыз өртеніп кетті. Түнімен осында оншақты азамат болған. Өртті ауыздықтауға бар күшімізді салдық», – деді «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы шаруашылық бөлімінің басшысы Айдын Бекбосынов.

Алматыдағы тәртіпсіздік осылайша үш күн тұрақталмады. 6 қаңтарда шаһарда тәртіп орнату мақсатында лаңкестікке қарсы арнайы операция жүргізу басталды. Бұзақы топтар қаладағы 2 бірдей ірі медицина мекемесін, яғни №1 және № 7 көпбейінді клиникалық ауруханаларды қоршап алды.

«Қаланың төңірегінің барлық жері қазір қауіпті. Азаматтар үшін қауіпті. Қаламыздың кейбір жерлерінде бір топ қылмыскерлер әлі де өзінің заңсыз әрекеттерін жалғастыру үстінде. Сондықтан олардың ілмегіне ілініп қалмас үшін міндетті түрде сақтық шаралары керек. Бірінші кезекте азаматтардың бәрін сақтық шараларын ұмытпауға шақырамыз. Өз үйлеріңізден шықпауларыңызды өтінеміз. Бейресми деректерден алынған ақпараттарға сенбеңіздер», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

8 қаңтарда Алматыдағы жағдайды толық бақылауға алу мақсатында қала кіреберістері мен шығаберістеріне блок-бекеттер қойылды. Әкім Бақытжан Сағынтаев мегаполис өмірін толық қалпына келтіру бойынша оперативтік штабтың жиналысын өткізді. Бірте-бірте қала өміріне қайта қан жүгіре бастады. Таңғы сағат 10.00-ден бастап Алматыда аула тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.

«Сондай-ақ 96 мердігер мекемеден жұмысшылар шықты. Қазіргі кезде толық Райымбек көшесін облыстың шекарасына дейін қазір тазалау жұмыстары жүргізілуде. Көмектесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алтын Орда базарының сыртына дейін жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Алатау ауданы әкімінің кеңесшісі Қанат Әшірбеков.

Кешеден бері қалада жағдай тұрақталып келеді. Бүгінде шаһарды лаңкестерден толық тазарту жұмыстарына 200-ден астам әскери қызметкер жұмылдырылған.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы