Киберқылмысқа қарсы күрес мақсатында арнайы жедел тергеу тобы жұмыс істейді
Биыл елімізде интернет алаяқтық әрекеті 34 пайызға төмендеген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбай мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Интернет, онлайн қызмет пен ІТ саласына қатысты заңбұзушылықтың артуына байланысты ішкі істер министрлігі кешенді шаралар қабылдап жатыр. Оның қатарында алдын алу шарасы, заңбұзушылықты анықтау және тергеу бар. Сол сияқты ақпарат, байланыс және ақпараттық технология көмегімен жасалатын қылмысқа қарсы күрес бағдарламасы қабылданды», - деді Ш.Тұрлыбай министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізде киберқылмысқа қарсы күрес мақсатында арнайы жедел тергеу тобы жұмыс істейді.
«Өткен жылы киберқылмыстың алдын алып, күресетін штат қызметкерлерінің саны көбейді. Сонымен қатар интернет алаяқтықты зерттеумен айналысатын топ құрылды. Интернет алаяқтық биыл 3 айдың ішінде өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 34 пайызға азайды», - дейді ол.