Түркістанда қойшы өзіне сеніп тапсырылған 230-дан астам малды сатып жіберген

18.07.2022 20:46

Осылайша жәбірленушіге 16,3 млн теңге көлемінде шығын келген

Түркістан облысында 16 млн теңгенің ұсақ малын сатып жіберген қойшы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзі басқарып отырған жайылымдық жердегі қойшыға асыл тұқымды малдарын сеніп тапсырған. Алайда мал басын түгелдеуге барғанда олардың толық емес екендігін байқаған.

Осылайша жәбірленушіге 16,3 млн теңге көлемінде шығын келген.

Күдікті ұсталды. Ол Арыс ауданының тұрғыны болып шықты.

Анықталғандай, сезікті ер адам 2021 жылдан бері 230-дан астам ұсақ малды төртеуден, бесеуден сатып, ақшасын жаратып жіберген.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.