Күдікті атыс құралдарын өзен жағасынан тапқанын айтты
Жамбыл облысында 57 жастағы шопаннан бір қап қару-жарақ табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Одан заңсыз сақталған 16 калибрлі аңшы мылтығы,1 дана ойық қару және патрондар тәркіленді. Бұл дерекке қатысты тәртіп сақшылары қазір сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Күдікті қару-жарақтың бәрін Қақпатас елдімекеніндегі шаруа қожалығының қоймасында сақтап келген. Алайда ол атыс құралдарын өзен жағасынан тапқанын айтты. Сондықтан сот-баллистикалық сараптама тағайындалған.
«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Облыс аумағында «Браконьер» жедел- алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 2 қылмыстық іс тіркеліп, 31 тіркелмеген атыс қаруы тәркіленді және 180 әкімшілік құқықбұзушылық деректері анықталды», - деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Рахымберді Әшкеев.