Ол Теміртау іргесіндегі Гагарин ауылында тұрған
Қарағанды облысында қос қызын тұншықтырып өлтірген келіншек сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін 20 жастағы әйелдің адам сенгісіз әрекеті елді есеңгіретіп тастаған еді. Бауыр еті балаларын өлтірген ана бұл әрекеті үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал тірі қалған бір жасқа толар-толмас нәрестесі балалар үйіне өткізілді.
Айта кетейік, азаматтық некеде болған ол Теміртау іргесіндегі Гагарин ауылында тұрған. Қылмыс болатын күні сәуірдің төрті ері жұмысымен қалаға кеткен. Соттағы түсініктемелеріне сәйкес, келіншек тамақ сұрап жылай берген 2 және 4 жастағы қыздарын тыныштандырмақ болған. Сөйтіп, балаларын төсекке жатқызып, үстіне көрпе жауып, тапжылтпай басып отырыпты. Ол сотта «қыздар жылағанын қойғанда ашсам, өліп қалыпты» деп ақталған. Келіншек сондай-ақ, «байқаусызда болды» деп жазаны жеңілдетуді сұраған. Бірақ оның істегені қасақана кісі өлтіру бабына жатқызылды. Тіпті емізулі баласы бар екені де жазаға еш жеңілдік берген жоқ.
«Жасөспірім балалары болса, ол қылмыстық жазаны жеңілдететін жағдай. Алайда ҚР Жоғарғы сотының тиісті нормативтік қаулысына сәйкес, егер қылмыс өзінің жасөспірім баласына қатысты жасалса, қылмыстық жазаны жеңілдететін мән-жайға жатқызылмайды. Ол «байқаусызда өлтірдім» деп отыр. Бірақ оның қасақана өлтіргені жөнінде кінәсі іс материалымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді», - деді Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың төрағасы Бекзат Шалғымбаев.