Алматыда интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрі аталды

23.02.2022 20:58

Былтыр шаһарда 97 интернет-алаяқ ұсталды

gov.kz

Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрін атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ІІМ мәліметінше, біріншіден, онлайн несие беру, сайттар арқылы тұтыну тауарларына тапсырыс беру. Екіншіден, шоттардан ақша ұрлау, бұл жағдайда қылмыскерлер өздерін банк қауіпсіздік қызметкерлері ретінде көрсетеді. Үшіншіден, ақшаны әртүрлі жобаларға, ойындарға, инвестицияларға және тағы басқа «тиімді» ақша салу.

«Бүгінгі таңда азаматтардың өмірін ұялы телефонсыз және интернетсіз елестету қиын. Тамаққа тапсырыс беру, тауарларды, шоттарды төлеу және тағы басқа әрекеттерді үйде отырып-ақ жасауға болады. Кейбір адамдар үшін бұл уақытты үнемдеуге және өмірді жеңілдетуге тамаша мүмкіндік болса, басқа «кәсіпкер» азаматтар үшін алаяқтық әрекеттерге үлкен жол ашылады», – дейді Қуатбек Науатов.

Полиция өкілінің айтуынша, жыл басынан бері қалада 207 интернет-алаяқтық тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есеге азайды.

«Дегенмен, әлі де болса дабыл қағып, азаматтардың назарын қауіпсіздік шараларына аудару қажет, бұл туралы әлеуметтік бейнероликтер және басқа да брошюралар, жадынамалар және т.б. түріндегі көрнекі үгіт-насихат арқылы бірнеше рет айтқан болатынбыз. Былтыр шаһарда 97 интернет-алаяқ ұсталды», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Сонымен қатар ол интернет-алаяқтықтың алдын алу және киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында биыл бірқатар профилактикалық іс-шара жоспарланғанын атап өтті.

Соның ішінде LED-экрандарда, билбордтарда профилактикалық ақпаратты орналастыру, осы мәселені БАҚ-та кеңінен көрсету, сондай-ақ алаяқтардың құрбаны болмау туралы СМС хабарламалар жіберу.