Оның арызында көрсетілген фактілер расталмады
Солтүстік Қазақстан облысында сотталған азамат мекеме қызметкерлеріне қатысты жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстың Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25 жылға бас бостандығынан айырылған ер адам аса ауыр қылмысы үшін 7 жылдан бері абақтыда отыр.
«ЕС-164/1 мекемесіне (тергеу изоляторы) келген сәттен бастап сотталушы әртүрлі құқық қорғау органдарына (Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы, СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті) мекеме қызметкерлері мен басшылығы дене жарақатын салды, адамның ар-намысын қорлайтын басқа да іс-әрекеттер жасайды және ақша талап етеді деп арыз бере бастады», – деп түсіндірді департаменттің баспасөз қызметі.
Барлық арыз сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Мекеме қызметкерлеріне қозғалған қылмыстық іс айқақ болмағандықтан тоқтатылды.
Сотталушының арызында көрсетілген фактілер бейнебақылау камералары мен қызметкерлер камерасындағы бейнежазбада расталмады. Керісінше, өзіне жарақат салғаны анықталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталған адамға қатысты ҚР ҚК 419-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша (адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптап, көрінеу жалған сөз жеткізу) қылмыстық іс қозғады, ол бойынша Петропавл қалалық соты үкім шығарды және сотталған адамға бес жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», – делінген хабарламада.
Үкімдер жиынтығы бойынша жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы сотталушы мекемесінде 23 жыл бас бостандығынан айырылды.