Петропавлда жеткіншек 2 айға қамауға алынды

15.02.2023 21:57

Қазіргі таңда прокуратура мен полиция қызметкерлері тергеу жұмысын жүргізіп жатыр

Алматы телеарнасы

Петропавлдағы мектепте оқушыларға балтамен шабуыл жасаған жеткіншек 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық мамандандырылған сот кәмелетке толмаған жасөспірімге уақытша бұлтартпау шарасын енгізді. Қазіргі таңда прокуратура мен полиция қызметкерлері тергеу жұмысын жүргізіп жатыр.

“2023 жылғы 15 ақпанда Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу соты кәмелетке толмаған оқушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын 2 ай мерзімге санкциялады”, – деді Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Дәурен Қайратұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 15 жастағы жеткіншек мектепке балта мен пышақ әкеліп, мектеп оқушыларына шабуыл жасаған еді. Нәтижесінде 3 бала жарақат алып, екеуі ауруханаға түскен. Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен оқушылардың жағдайы күн сайын жақсарып келетінін айтқан.

“Неврологиялық симптомдар жоқ, яғни жарақаттан кейін неврологиялық ауытқулар байқалмады. Ауруханадан қашан шығатындары әлі белгісіз. Себебі олар медициналық бақылауда болғанына осымен үшінші күн. Аптаның соңына қарай қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша болжам жасаймыз”, – СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.