Қаржы пирамидасы: вайнерлер екі айға қамалды

29.04.2022 23:07

Ақпаратты Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі растады

©Photo: Facebook / Мейржан Туребаев, Instagram

Вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов тергеу сотының қаулысы бойынша тағы екі айға қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақпаратты Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі растады.

Мұның алдында Төребаев пен Шерниязов 10 күнге қамауға алынған.

"Тергеу сотының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды. Төребаев пен Шерниязовқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 2 айға ұзартылды", - делінген ақпаратта.

Sputnik мәліметінше, олар Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы("қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету") бойынша күдікті деп танылған.

2022 жылдың 10 ақпанында Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Төребаев пен Шерниязовқа қатысты 1000 АЕК (3 063 000 теңге) мөлшерінде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаты қанағаттандырылғаны хабарланды.

Күдіктілердің бірі Азимжан Саидбаевтың қайда екені белгісіз болғандықтан, сырттай қамауға алынған.

Бұған дейін Алматы қаласы полиция департаменті қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынғанын хабарлады.

Теги: блогер