Алатау аудандағы Томирис шағын ауданында бірнеше күннен бері есірткі сатып, есіргендердің саудасы тыйылмай тұр. Аумақта заңсыз бизнесін дөңгелеткендерді жергілікті тұрғындар кезекшілік құрып, өздері ұстаған. Бүгінге дейін де жауапты орындарға бірнеше рет арыздандық деген жұрт қылмыстың құрықталмай жатқанына наразы. Күні-түні ауданды қорып, тыныштықтан айырылған тұрғындардың жайын біліп, сөзін тыңдап қайттық. Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.
Видеодағы адамдарды 2 күн бұрын аудан тұрғындары қылмыс үстінде әшкерелеген. Олар есірткі іздеу барысында көзге түсіп, кейіннен наша үшін келгенін де мойындады. Әр бұрышқа өздері күзет қойып, ауданның амандығын сақтап тұрған тұрғындар жауапты органдар тез арада мәселенің шешімін тапса дейді.
«Кеше біз 37 адамды ұстадық, дәлелмен ұстадық полицейлерге. Алдында бір түнде 10 адамды қарумен, пышақпен ұстап бердік. Міне, бұл біздің бала-шағамызға, болашағымызға төніп тұрған үлкен апаттың бірі болмақ. Сондықтан біз ауыл тұрғындары болып талап етеміз, осыған нақты заң шығарылып, бұған шектеу қойылуын», – деді Томирис ықшамауданының тұрғыны Бекен Қалымбекұлы.
Соңғы 4 күнде 66 адам, ал жалпы жағдай ушыққалы бері азаматтар 150 нашақорды ұстадық дейді. Ал оның 70-інен есірткі табылған. Бірнеше күн емес, апталап, айлап жалғасқан бұл бизнес неге тоқтамай тұр? Тұрғындар тұрғылықты жерін қашанға дейін торуылдайды? Жұрттың назын тыңдауға келген әкімдік маманы мен жауапты орган өкілдері былай дейді...
Әкімнің орынбасары, ІІБ басшысы:
– Хош, жағдаймен таныс болдық, жайтты ұғындық. Тұрғындардың айтуынша, мына бір үйдің алды келушілерден босамайды екен. Әрі бірнеше күн бұрын суық қару асынып жүрген аудан қонақтары видеоға да түсіп қалған.
50 шақты тұрғын көшеге шығып, наразылығын білдірді. Әкімдік те, тәртіп сақшылары осында. Ал біз негізгі күдікті деп танылған үйдің алдында тұрмыз. Қазір мұнда кинолог мамандар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Көптің көңіліндегі алаң сейілмеген соң, тәртіп сақшыларымен бірге түсірілім тобы да жертөлеге кірді. Өзін электр маманымын деп таныстырған үй иесі жабылған жаланың шындыққа жанаспайтынын, есірткі саудасына қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Бірақ дәл осы тұрғын үйде тұратынын растайтын құжаттарын көрсете алмады.
Кинолог мамандар тінтуді бастамай тұрып, аудан тұрғындары тағы бір есірткіні тапты. Көпшілік күдіктенген үй ауласындағы көлік дөңгелектерінің арасынан қара түсті изолентаға оралып, полиэтилен пакетке жасырылған ұнтақ анықталды.
Күні-түні дамылсыз күзет құрып, аудан аймағында рейд жасап жүрген тұрғындардың да өміріне қауіп төнгенін ескерген жөн. Себебі наша іздеп келгендердің бәрі суық қаруланған. Аулада ойнап жүрген балаларға кәмпит ұсынғандары тағы бар. Ал полиция қызметкерлерінің жұмысы көпшіліктің көңілінен шығып тұрған жоқ. Ендігіде қан төгіліп, жан берілмей тұрғанда мәселе оң шешімін тауып, қылмыскерлер жазаланса игі.
Мадина Оқас, Қайрат Советбекұлы, Ялкунджан Ашимжанов, «Алматы» арнасы