6 адам қайтадан түрмеге қамалыпты
Қазақстанда 2,5 мың сотталған адам электронды браслет тағып, бостандықта жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оларды полицейлер браслет арқылы онлайн бақылап отырса да, тәртіп бұзатындар азаймай тұр екен. Мәселен, 7 айдың ішінде 90 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде бұл азаматтардың ісі қайта қаралып, 6 адам қайтадан түрмеге қамалыпты. Полицейлердің сөзінше, электронды браслетті шешіп тастау мүмкін емес.
«Электронды браслеттер сотталған азаматтың аяғына тағылады. Ол үнемі қосылып, онлайн режимде орталыққа ақпаратты беріп тұрады. Егер азамат түнгі 10-нан кейін үйінен шығып кетсе, бірден дабыл беріледі. Сөйтіп тәртіп сақшылары браслет иесіне хабарласып, үйіне қайтуға кеңес береді. Егер бұл ескертуге құлақ аспаса, полицейлер оның ізіне түсіп, үйіне қайтарады», – деді ҚР ІІМ Пробация қызметі басқармасы басшысының орынбасары Берік Бакулин.