Мәскеудегі Никулин соты 19 қаңтарда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қарым-қатынастар институтының студенті Томирис Байсафаның өлімі туралы істі қайта қарауды бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Сот отырысы 19 қаңтарға белгіленді", - деп мәлімдеді.
Бұған дейін алқабилер Томирис Байсафаның өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген Дағыстандағы бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Мұхтар Меджидовтың ұлы Муртузали Меджидовқа ақтау үкімін шығарған болатын. Алайда Мәскеу қалалық соты бұл үкімнің күшін жойып, қылмыстық істі қайтадан қарауға шешім шығарды.
Ақталғанға дейін Муртузали Меджидов қамауда болатын. Бірақ сот шешімінен кейін ол бостандыққа шықты.
Еске салсақ, жазда Никулин сотындағы алқабилер Муртузалидің студент қыздың өліміне кінәлі екені дәлелденбеді деген тұжырыммен ер адамды ақтап алды. Олардың тұжырымы негізінде сот ақтау үкімін шығарды.
Қайтыс болған бойжеткеннің туыстары сотталушыдан 30 миллион рубль өтемақы алуға тырысқанымен, сот олардың азаматтық талап-арызын кері қайтарды.
2021 жылдың қазанында Мәскеу қалалық соты ақтау үкімінің күшін жойғаны белгілі болды.
"Өкінішке қарай ақтау үкімінің күші жойылды. Бұған не негіз болғаны әзірше бізге белгісіз. Іс Мәскеудегі Никулин сотының қарауына қайта жіберілді", - деп хабарлады Меджидовтың адвокаты Шамиль Яндарбаев.