"Сіз пәтер ұтып алдыңыз!" деген "сүйінші" хабарға кәміл сенгендер опық жеді

"Сіз пәтер ұтып алдыңыз!" деген "сүйінші" хабарға кәміл сенгендер опық жеді
Үйлі боламыз деп сан соғып қалған Алматы тұрғындары ұтыс ойнатқан компанияның үстінен арыз жазып, әділдікке полиция департаменті арқылы жетпек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үйлі боламыз деп сан соғып қалған Алматы тұрғындары ұтыс ойнатқан компанияның үстінен арыз жазып, әділдікке полиция департаменті арқылы жетпек. Жәбірленушілердің сөзінше, сүйінші сұрап қоңырау шалған интернет дүкен қызметкерлері әуелі сенімге кіріп, артынан тақырға отырғызып кеткен. Ал, компания жауапқа тартыла ма? Үпті болған ақша иелеріне қайта ма? Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдан білейік.

Дәл осы азаматшадай қаражаттан қағылған халық ұтысқа жылжымайтын мүлік ойнатқан, алайда пәтердің орнына тұрмыстық техника табыстаған мердігер компанияға өз шағымын айтып, ақшаны қайтаруды талап етті.

«Қанша күн болды, мінекей, келіп жатырмыз. Ой, арыз жазыңыз. Жаздық. Кеше ана қыз жазды. 20 күннен кейін алды. Өздерің бергенсіңдер тауар дейді. Біз бұлардың тауарын иіскеп білеміз бе?!» – деді жәбірленуші Нұргүл Жұмағұлова.

Дегенмен халықты ашындырған компания өкілдері көпшіліктің наразылығына дес бермей, барлығы заңды түрде орындалғанын айтады. Ұтыс ойнатушылар қатысушылардың жіберген қаражатына қарай сыйлықтар берілетінін, ал көңілі толмайтындар арыз берсе де, ақшасы кері қайтарылмайтынын жеткізді.

«Дәл қазір мында келгендер компанияға хат жазсын. Ал, мүлдем көңілі толмайтындар қолындағы арызын полицияға, тіпті сотқа берсін. Біз ақшаны қайтармаймыз», – деді компания өкілі Мирас Шашиев.

Компания өкілінің бұл сөздерінен кейін, тұрғындар ізін суытпай полицияға «Халықты жылатқан алаяқтар жауапқа тартылсын» деп шағымданды. Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Евгений Лысенко аталмыш іс бойынша тергеу алды жұмыстарының басталғанын мәлімдеді.

«Жәбірленушілер Алатау аудандық Полиция басқармасына «KBT store.com» компаниясының алаяқтық әрекеттері фактісі бойынша арыз жазды. Аталмыш іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімі бойынша тіркелді. Дәл қазір тергеу алды жұмыстары жүріп жатыр», – деді қалалық полиция департаментінің өкілі Евгений Лысенко.

Жылжымайтын мүлікке ие болудың оңтайлы жолынан күдіктенбеген халық баспана алу үшін бар ақшасын мекеме шотына аударып, тіпті жетпей қалған соманы несие алып толтырған. Алайда келісімшартты алар тұста қолға заңды құжат емес, дәрі-дәрмек пен тұрмыстық техникалар табысталған.

«Бәрімізді сендірді ғой. Қалай сеніп қалғанымды өзім де білмеймін. Қазір мен аудио жазбаларды тыңдасам, алдап отырғаны көрініп тұр. Бірақ мен білмеймін қалай сеніп қалғамынды. Бір мезетте ешкімді тыңдамай, соларға сеніп қалдым. Бар ақшамызды салып жібердік несие алып. Енді қазір жоқ», – деді жәбірленуші Балғын Нұрсалық.

Сан соғып қалған қатысушылар ақшалары қайтпайынша, тыным таппайтындарын айтты. Ұтыс ойнына қала тұрғындарынан бөлек,  өзге өңірлердің халқы да қатысқан. Олар да қолды болған қаражатты қайтарудың қамымен жүр. Опық жегендердің арасында 11 миллион теңгеден қағылғандар да бар.

Оразай Нұртай, Әнуар Амангелдинов, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров