Биыл есірткі қылмысына қатысты 361 іс тіркелген

26.06.2023 21:39

Нашақорлықты жарнамалайтын 253 сайт бұғатталған

Almaty.tv

Алматыда жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 361 іс тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құзырлы орган қызметкерлерінің хабарлауынша, мұндай құқықбұзушылыққа баратындардың басым бөлігі - кәмелетке толмағандар. Негізгі себеп  жеңіл ақша мен оңай олжаға қызығу. Қоғам дертіне айналған нашақорлықтың алдын алу мақсатында Наурызбай ауданы әкімдігі мектеп оқушылары мен ата-аналарға арналған форум өткізді. Полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда соңғы 5 айда салмағы 148 келі болатын есірткі табылған. Сонымен қатар нашақорлықты жарнамалайтын 253 сайт бұғатталған.

– Бүгінде нашақорлықтың алдын алу мақсатында министрлікпен бірлесіп, арнайы сайтты іске қостық. Бұл есірткі саудасын жарнамалайтын түрлі электронды порталды жоюға көмектеседі. Мұндай қылмыс түрлеріне жасөспірімдер 14 жастан бастап жауапты болады. Жаза жасаған қылмысына қарай 5 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – деді Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев.

Наурызбай ауданы әкімдігінің мәліметінше, аймақта есірткі қолданушы ретінде есепте тұрған жастар жоқ. Десе де, 32 ересек адам арнайы мамандардың бақылауында екен. Одан бөлек, темекі мен алкоголь өнімдерін кәмелетке толмағандар арасында саудалайтын кәсіпкерлер азамай тұр.

– Нашақорлықпен күресу жолын тек өзіміз ғана біліп, ұсынып отырмай, жастардың да ойын білу аса маңызды. Солардың ұсынысын білу үшін ұйымдастырып отырмыз. Мектеп маусымы біткеннен кейін жастардың каникул кезеңін ақылдасамыз, – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.