Алматыда көлікте өртеніп кеткен желтоқсаншылар өлімі: полиция пікір білдірді

18.01.2022 21:47

Қайғылы оқиға 7 қаңтар күні кешкі сағат 19.00 шамасында Республика алаңы маңында болды

Almaty.tv

Қаңтардың қанды оқиғасында мезгілсіз қаза тапқан бейбіт тұрғындардың арасында ерлі-зайыпты Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлы да бар. Олар антитеррористік операция кезінде оққа ұшып, көлікте өртеніп қаза тапты. Марқұмдардың артында кәмелет жасынан асқан 3 баласы мен 8 немересі қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Бір күнде ата-анасынан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырған Дәурен Биткембаев – антитеррористік операция кезінде қаза тапқан қос желтоқсаншының кенже ұлы. Оның сөзінше, 7 қаңтарда үшеуі бір көлікке отырып, кейін өзі жолдан түсіп қалған. Ата-анасы үйіне қайтып бара жатқанда көшенің қақ ортасында оққа ұшып, көлікпен бірге өртеніп кеткен.

«Сәтбаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысы маңында өртеніп кеткен машина тұрды. 3 күннен кейін полицейлер қалған сүйектерін жинап, мәйітханаға апарып тастапты. Содан кейін машинаны Көкжиектегі айыптұраққа жіберген. Сол жерге барып қарасақ, сүйек қалдықтары қалыпты. Соны өзіміз жинадық. Денелерінен ештеңе қалмаған», – деді қала тұрғыны Дәурен Биткембаев.

Оқиға болғаннан кейін басу айтушылардың арасында «Неге үйде отырмадыңдар?» дегендер де болыпты. Кенже ұлының сөзінше, қала ішінде атыс болып жатқанын өзі де, қаза тапқан ата-анасы да білмепті. Күнделікті өтіп жүрген көшесі, үйлеріне қайтатын жолы еді дейді. Қантөгісте қаза тапқан Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлының денесі 12 қаңтарда жер қойнына тапсырылды.

7 қаңтарда кешкі сағат 19.00 шамасында Назарбаев даңғылымен төмен қарай кетіп бара жатқан көлік Республика алаңының маңында оққа ұшып, артынан жанып кеткен. Соның салдарынан қазақ жұрты бірден қос желтоқсаншысынан айырылды. Ерлі-зайыпты екеуі сол күні қонақтан үйге қайтып бара жатқан екен.

Ал қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда полиция департаментінде қылмыстық іс тергелуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы міндетті түрде өндіріс барысында анықталатын болады. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қара жамылып отырған Дәурен Биткембаев адам сүйегін көлік сүйегінен ажырату мүмкін болмағанын айтады. Сондықтан жерлеу рәсімін 5 күннен кейін өткізген. Қаза тапқан қос азамат осыдан бір ай бұрын ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай наградаларға ие болған. 

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы