Ақпаратты елорда полициясы растады
Астанада мектеп маңынан 14 жастағы қыздың мәйіті табылды. Білім ошағының оқушысы қандай жағдайда көз жұмғаны белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеткіншектің денесі қаңырап бос тұрған ғимараттың ішінен кеше сағат 21:00 шамасында табылған. Ғимараттың қабырғасында күмәнді өлең жолдары жазылған. Жерде шағылған құтылар мен медициналық қолғаптарды да көз көрді. Мәйітті осы жерден өтіп бара жатқан тұрғындар көріп, полицияны шақырған.
– Мен осы үйде тұрамын. Кеше куәгер ретінде қатыстым. Қыздың денесін көріп, өз-өзіме келе алмай тұрмын. Неден көз жұмғанын айту қиын. Бірақ бұл ғимараттың ішінде түрлі адамдар жиналып, шулайды, – деді қала тұрғыны Гүлнұр Байезитова.
Ресми ақпаратқа сай, қыздың денесінде жарақаттың ізі жоқ. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
– Өлімнің себебі анықталуда. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге деректер жарияланбайды, – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Эльмира Шәуленова.
Тұрғындардың айтуынша, ғимараттың қараусыз қалғанына 5 жылдан асқан. Дәл қасында мектеп орналасқан. Күндіз ішінде балалар ойнайды. Ал кешке қарай үйсіз жүргендер паналайтын кқрінеді. Жиналғандар ішімдік ішіп, көрші тұрған адамдардың мазасын алады.
– Жазда ғимараттың ішінен өрт шықты. Лапылдап жанған от мектепке қарай ауып кете ме деп шошыдық. Жақында бірнеше баланың масаң күйдегі қызды ішінен алып шығып бара жатқанын көрдім. Сұмдық жағдайлар қайталанады. Дәл мектептің қасында мұндай нысан тұрмауы керек, – деді қала тұрғыны Светлана Середа.
Бұл ғимарат кезінде балабақша болған. «Алтын балық» деп аталған бөбекжайға осы маңдағы тұрғындар балаларын берген. Кейін, иесі ауысып, діни рәсімдер жасайтын адамдар жиналып жүрген. Содан соң ол кісілер де төбелерін көрсетпейтін болған. Тұрғындар жергілікті биліктен нысанды сүріп тастауды өтінген. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде анасы мен баласын көлік қағып кетті