Пышақтап кетті: Астанада ауруханадағы оқушының жағдайы ауыр

27.05.2024 23:18

Өрімдей қызға жарақат салған күдікті кәмелетке толмаған бала қолға түсті

Сгенерировано ИИ

Астанада мектеп оқушысын аяусыз пышақтап кеткен адам қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Астанада мектеп оқушысын аяусыз пышақтап кеткен адам қолға түсті. Өрімдей қызға жарақат салған күдікті кәмелетке толмаған бала болып шықты. Жәбірленушіні оқу жылы аяқталған күні сөйлесіп жүрген жігіті пышақтаған көрінеді. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі ауыр халде ауруханада жатыр. Полиция департаменті аталған іске қатысты тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

Аяусыз соққы алған қыз – қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. 12-сыныпты тәмамдап, алтын ұясымен қоштасуға дайындалып жүрген жасөспірім өмірімен қош айтыса жаздады. Алдын ала ақпар бойынша, жәбірленушіні сөйлесіп жүрген жігіті пышақтаған. Денесіне ауыр жарақат салған.

– Қызға қыз жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, ауыр. Негізі, мұндай жағдайда дәрігерлер нақты болжам жасай алмайды. Бірақ дәл қазір қыздың жағдайы қалыпты деп бағаланады, – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айжан Ақай.

Жантүршігерлік оқиға өткен демалыста болған. Сол күні жедел жәрдем қызметіне қызының хәл үстінде жатқанын айтып әжесі хабарласқан. Ауруханаға жеткізілген бетте оқушыға ота жасалған. Науқастың құрсақ бөлігі, қолы мен мойын, жамбас тұсы жарақаттанған. Өрімдей қызға жарақат салған күдікті қамауға алынды.

– Қазіргі таңда кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің ендігі тағдырын сот шешеді. Аталған дерек бойынша «Кісі өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалды. Ал өлім аузынан қалған жас қыз әлі бірнеше ай дәрігерлер бақылауында болады.

Іш құрылысынан бастап аяусыз пышақталған оқушы Астанадағы  №2 ауруханада жатыр. Бір өлімнен аман қалған қызға кеше ота жасалған. Қазір мұндағы ақ халаттылармен тілдесу әзірге мүмкін болмай тұр. Ал науқастың қашан оңалып, аяққа тұрары әзірге белгісіз.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

 

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мектеп бітірушілер мінген көлік жол апатына түсті