Өзбекстанда Әмір Темір мен Әлішер Науаидің тарихи ескерткіштерін қорлаған тиктокерлер қамауға алынды

29.07.2021 22:15

Нақұрысқа теңеп, ақынның атын бұзып айтып, шығармашылығын келемеждеген

Өзбекстанның Ақпарат және телекоммуникация саласын бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы WeChat мессенджерінің жұмысын шектеді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Dalanews.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол кезде мессенджерлер жұмысы азаматтардың «жеке мәліметтерін сұрыптау жөніндегі заң ережелерін бұзғаны» үшін шектелді делінген. Бірақ мемлекеттік инспекция таратқан мәліметте WeChat туралы ештеңе айтылмаған.

Мекеме таратқан мәліметте шектеулер «анықталған кемшіліктер дұрысталған соң» алынатыны хабарланды.

Еске салайық, жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев TikTok қолданушыларды қолбасшы Әмір Темір мен ақын Әлішер Науаидің тарихи ескерткіштерін қорлады деп сынаған.

Самарқанд облысында тұратын Иномжон Пардаев есімді тиктокер қаладағы Орталық саябақта орналасқан Әлішер Науаи ескерткішінің тұсында ролик түсіріп, әйгілі өзбек ақынына тіл тигізген еді. Оны нақұрысқа теңеп, ақынның атын бұзып айтып, шығармашылығын келемеждеген.

Бұл видео лезде әлемжеліге тарап блогердің әрекеті халықтың ашуын туғызған еді. Кейін осы роликті түсірген екі тиктокер ұсталып, 15 күнге қамауға алынды. «Күллі Өзбекстанды ұятқа қалдырдық. Осы әрекетіміз үшін қатты өкінеміз, халықтан кешірім сұраймыз», – десті блогерлер.

Бұл жайт өзбек басшысын да бей-жай қалдырмады. «Жастар форумында» аталған жайтқа арнайы тоқталған Мирзияев тиктокерлерді тәртіпке салу туралы тапсырма берген.

«Бұлар (тиктокерлер, ред.) бетімен кетіп барады! Хайп қуған қауымға «әй, дер әже, қой, дер қожа» табылмай тұр. Алдымен Әмір Темірдің ескерткішін қорлаған еді. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан 400 мыңға жуық өзбек жауынгеріне құрмет етіп қойылған «Азалы ана» ескерткішінің төбесіне шығып кетті.

Ұлтымыздың әйгілі тұлғасы Әлішер Науаиді кемсітіп, аузына келгенді көкіді. Кейбір көргенсіз жастардың тәртібін тезге салу қажет. Бұлардың ата-анасы, ата-әжесі, мектептегі мұғалімі қайда қараған, балаға қандай тәлім беруде?» – деп қапаланған еді Мирзияев.

Бұдан былай қоғами құндылықтарға қайшы әрекетке барған тиктокерлер қатаң жазаланатын болады. Осындай пәрмен берген өзбек президенті «қазірден қамданбасақ, ертең кеш болады» деп отыр.

«Жастар форумында» сөз сөйлеген Мирзияев жас отбасылардың арасында ажырасудың жиілеп кеткенін, деструктивті ағымдардың жетегіне еріп, дәстүрлі діннен теріс айналған жастардың көбейіп жатқанына алаңдайтынын айтқан.

«Соңғы 5 айда 7 мыңға жуық жас қылмысқа барған. 40 мыңнан аса жасөспірім мен бозбалалар полицияның есебінде тұр. Бұл жастармен мүлде жұмыс жүргізбейтініміздің белгісі» деген еді ол.  

Шілденің басында Наманган облысының басшысы Шавкатжон Абдуразаков жастардың көбірек кітап пен газет оқуы үшін әлеуметтік желілерді бір айға өшіруді ұсынған. Оған жауап берген депутат Расул Кушербаев «ақпарат заманында әлеуметтік желілерді шектеу ақылға қонымсыз шешім» деп мәлімдеген.