ТМД аумағындағы автокөлік ұрлығымен күрес жұмыстары жеңілдейді
Бұдан былай отандық полицейлерге ТМД аумағындағы автокөлік ұрлығымен күрес жұмыстары жеңілдейді. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жоғары палата отырысында депутаттар «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгінде ТМД келісіміне сәйкес, елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір адамдар заңбұзушылықтар жасайды. Мысылы, 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223-дан астам көліктің тек 30 пайызы елге қайтарылған. Өйткені сұрау салу нормаларының кемшіліктері бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді. Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ай уақыт беріледі. Сондай-ақ, сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ал, сенатор Ләззат Сүлеймен соңғы 15 жылда елімізде 40 мың 303 автокөлік ұрланғанын айтты. Оның сөзінше, 2020 жылы қолды болған 2 мың 121 көліктің ішінен 547 ұрлық және айдап кету фактілері бойынша қылмыстық есепке қойылса, 412-сі иелеріне қайтарылған. Ал қалған 1 мың 162-сі қаржы пирамидалары және алаяқтық бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында есепке қойылды. Осы істер бойынша барлық автокөліктер сот шешімінен кейін қылмыстық есептен шығарылады.
«Ұрланған автокөліктердің 223-і ТМД елдерінде табылып, оның 66-сы елімізге қайтарылған. Сондай-ақ, біздің елімізде осындай 233 автокөлік табылып, 84-і ТМД елдеріне қайтарылды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.