Экономикалық тергеу қызметі 26 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескен

12.06.2020 22:16

Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беруінде мәлімдеді

astynomia.gr

Еліміздің экономикалық тергеу қызметі 26 ұйымдасқан қылмыстық топты жойған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беруінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, іс жүзінде еліміздің барлық өңірі ойын мекемелерінен тазартылған. 655 заңсыз ойын орыны мен 18 жасырын казино жұмысы тоқтатылған.

«Экономикалық тергеу қызметінің штаты 2019 жылы 40%-ға қысқарды. Бұл жалақыны арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік берді. Штатты қысқарта отырып, маңызды экономикалық қылмыстарды анықтау жағына баса назар аударылды. Осылайша 26 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығында алғаш рет салмағы 1 тоннадан астам ірі героин есірткі трафигі жойылды. «Қара» нарықта оның құны шамамен 350 млн долларды құрайды. Бүгінгі таңда ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру көлемі 18%-ға дейін қысқарды», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар, Қаржы министрі Армениядан әкелінетін көліктерге қатысты жағдайды түсіндірді. 1 ақпанға дейін Қазақстанға кірген көліктер уақытша тіркеуге алынатынын еске салды. Ондай автомобильге көлік салығы салынады. Ал 1 ақпаннан кейін жеткізілген армян көліктері үшін барлық салықты төлеуге тура келеді. Соның ішінде кедендік баж салығы мен утилизациялық алым бар.

«1 ақпанға дейін әкелінген көліктерге айқындалған шешім бар. Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Яғни, ол көліктер уақытша есепке қойылып, сары нөмір алып, көліктік салықты төлей береді. Ал Қаржы министрігі тарапынан біз оларды бақылауға аламыз. Ал 1 ақпаннан кейін әкелінген көліктерге әлбетте заңнамаға сәйкес кедендік бажды төлеуге тура келеді. Біз бұл мәселеге байланысты армян тарапымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біздің елдің аумағында сол жақтың нөміріндегі көлікті жүргізіп жүргендер салықты біздің елде төлеуі керек», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.