Астанада колледж студентінің тұрғылықты жерінен 2 келіден астам гашиш есірткісі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде есірткі сатушыны ұстады.
Манас көшесіндегі тұрғын үйде елорда колледжінің 3-курс студентін ұсталды. Пәтерде 18 жастағы студенттен салмағы екі келіден асатын гашиш тәркіленді. Сондай-ақ тінту кезінде электронды таразы, өлшеп-орау ыдыстары және есірткі құралдарын өлшеп-орауға арналған құрылғылар табылып, тәркіленді.
Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта елордаға есірткіні жеткізу арнасы анықталып жатыр», - делінген полиция хабарламасында.
Мәлім етілгендей, астанада биылғы жыл басынан заңсыз айналымнан 250 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 120 келі – гашиш және 30 келі синтетикалық есірткі бар.