16 наурыз бен 31 шілде аралығында 168 осындай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін нақтылады
Елімізде 16 наурыз бен 5 тамыз аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам көз жұмған. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ, карантин уақытында отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың жаңа тәсілі енгізілгені туралы мәлім болды. Бұдан былай, тіркеуде тұрғандар және аталған құқық бұзушылыққа бейім адамдар қашықтан, яғни әлеуметтік мессенджерлермен видео байланыс арқылы тексерілмек.
Міне дәл осындай қорқыту-үркітулерді бұрыңғы күйеуінен Айсұлу Байтікова соңғы төрт жыл бойы естіп келеді. Ресми түрде ажырассақ та, айырылыспағандай күйдемін, әбден мезі қылды дейді. Айтуынша, тіпті «бір күні бетіңе қышқыл шашып, өлтіремін» деп зәре құтын қашырған кездері көп болған. Тәртіп сақшыларына жүгініп, олардан қайыр көрмеген нәзік жанды, амалсыздан Фейсбукке бейнежазба қалдырып, көптен көмек сұрады.
«Полиция бөлімшесіне жүгініп, бұрыңғы жарым аңдып, қорқытып, мазамды қашырып жүр дегенімде, олар қорғаныс нұсқаулығын шығарудан бас тартты. Алайда әлеуметтік желіге бейнежазба арқылы бар шындықты жайып салғанымда, келесі күні бірден қорғаныс нұсқаулығы да шықты, қылмыстық іс те қозғалды. Құқық қорғау органдары біраз болсын бізге бет бұрса деймін. Себебі мен сияқты күйеуінен таяқ жеп жүрген әйел қаншама?» – деді жапа шегуші Айсұлу Байтікова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп жүрген нәзік жанды шынымен де көп. «Не молчи.kz» қоғамдық қорының өкілдері биылғы жылдың тек төрт айында, 47 мың қыз-келіншек жүгінді дейді.
«Бүгінгі статистика жаға ұстатарлық. Мәселен, биыл қаңтар мен сәуір айларының аралығында күйеуінен таяқ жеп отырған нәзік жандылардан 47 мыңға жуық қоңырау келіп түсті. Әсіресе, карантин кезінде жабық пәтерде агрессормен қалған әйелдерге қиын. Олар тіпті 102 пультіне де хабарласа алмайды. Оның үстіне көп жағдайда нәзік жандылар жары үйіне қайтып келіп, қайтадан тепкінің астына алады деп қорыққаннан үндемейді. Себебі отбасылық агрессорларға көп дегенде 15 тәулікке дейін қамау шарасын сот өте сирек шығарады», – деді «Не молчи» қоғамдық қорының басшысы Дина Смайылова.
Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайының ушыққанын Ішкі істер министрлігі де растап отыр. Ресми мәлімет бойынша, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық биыл 21 пайызға өскен.
«2020 жылғы 16 наурызда төтенше жағдай енгізілгеннен бастап 5 тамызға дейінгі аралықта 241 тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 33-і адамдардың қаза табуымен, яғни өлімімен аяқталды», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің ерекше істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Мәтжан.
Анықталғаны, биыл отбасылық агрессорларға қатысты 43000-нан астам қорғаныс нұсқаулығы шығарылған. Ұрып-соққаны үшін 3,5 мың қазақстандық жауапқа тартылыпты. Ішкі істер органдарының материалдары бойынша Соттар 5 мыңнан астам «отбасылық жанжал» шығарғыштарға ерекше талаптар қойып отыр.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан