|
30.11.2022 | 17:48
1482

Екібастұздағы жылу электр орталығында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бүгін Үкімет мүшелері апат болған аймаққа барып, мәселені бақылауға алды

Екібастұздағы жылу электр орталығында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды Almaty.tv

Екібастұздағы жылу электр орталығында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 254-бабы яғни, міндетіне немқұрайлы қарау ісі бойынша жүргізіледі. Бұл Туралы Павлодар облысының Прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Үкімет мүшелері апат болған аймаққа барып, мәселені бақылауға алды. Ал депутаттар болса жылу электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатамын деген Александр Клебановтың нысанды қалпына келтіруін талап етті.

Вице-премьер Серік Жұманғарин мен ТЖМ Юрий Ильиннің Екібастұзға барудағы мақсаты – апаттың себебін анықтау, салдарын жою болатын. Үкімет мүшелері бүгін түске дейін үй-үйді аралап, проблеманы өз көзімен көргеннен кейін, күндіз арнайы брифинг өткізіп, қарапайым халыққа келтірілген шығынды компания өз қаражатына жауып беретінін мәлімдеді.

«Бүкіл шығындыжаңағы компанияның иелері жабады. Сол себепті біраз қазіргі уақытта электр жылтқыштары адамдарға таратылды. Солардың меншігінде қалады. Оларды қайтару ешқандай қажеттілігі жоқ. Басқа шығынды мен жаңа атап айтып кеттім компания толығымен қайтарады. Ешкімнің қалтасынан шығын шығармайды», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Ал тозығы жеткен жылу электр орталығын иесі Александр Клебанов «мемлекетке 1-ақ теңгеге сатамын» депті. Кеше тікелей эфирде түкіріп, айыппұл төлеген Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, егер кәсіпорын иесі Александр Клебанов оны мемлекетке бергісі келсе, бірінші кезекте жылу электр орталығын иелікке алған кездегі жағдайы мен оның қазіргі ахуалын салыстырып, айырмашылығын анықтап алу керек. Яғни, нысанды меншігіне алған кезде қандай болса, сондай жағдайда қайтаруы тиіс. Мәселе Үкімет деңгейінде шешілуі керек.

«Егер құқық қорғау органдары заң бұзу деректерін анықтаса, онда келген залалдың орнын өтеу мәселесі көтеріледі», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Ал Аманат партиясының жастары жылусыз қалған қалаға жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмекті әлі таратып жатыр. «Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев көмек алдымен әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен қарт кісілерге көрсетіліп жатқанын айтады.  

«Екібастұз қаласында еріктілер жұмысын жалғастырып жатыр. Ең бірінші әлеуметтік топтағы азаматтарға жылытқыш құралдарын беріп, қосып, жұмысты жасап жатырмыз. Осыған қоса мына ремонт жасап жатқан бригадаларға барып, жылы тамақ пен ыстық шайды тараттық», – деді «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Айта кетейін, 27 қараша күні Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді. Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді. Ал Екібастұздағы жылу электр орталығындағы тексеріс нәтижесі алдағы жұмаға дейін жарияланады.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир