Елімізде әрбір үшінші шөлмек арақ контрафактілік жолмен өндіріледі

31.07.2020 04:41

Мұны алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының мамандары хабарлап отыр

Аlmaty.tv

Елімізде әрбір үшінші шөлмек арақ контрафактілік жолмен өндіріледі. Мұны алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының мамандары хабарлап отыр. Олар елде заңсыз дайындалатын өнімдердің азаймай тұрғанын айтады. Соңғы бірнеше айда заңсыз жасалған ішімдіктен 27 қазақстандық көз жұмған.  Арақ өндірісін көлеңкелі жолға түсті деуге толық негіз бар ма? Астыртын цехтарда дайындалатын арақтардың құрамында адам өміріне қауіпті қандай зиянды қоспалар кездеседі? Тақырыпты Almaty.tv  тілшісі Сая Меңдеке жалғастырады.

Қазақстанда пандемия кезінде алкоголь өнімдерін тұтыну біршама азайған. Соңғы екі ай көлемінде ішімдікті сату көлемі 25-30 пайызға төмендепті. Дей тұрғанмен елде контрафактілік өнімдер азаймай тұр. Астыртын цехтарда жасалатын арзан, сапасыз арақты ішіп, уланған деректер күрт өсіпті. Көлеңке саудадағы арақтың көлемі 2 есеге артқан. Мұны сала мамандары акциздік салықтың ұлғаюымен байланыстырады.  

«Қазақстанда көлеңкедегі арақтың көлемі жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. 2010-2012 жылға қарағанда көлеңкедегі арақтың көлемі 2 есе көбейіп кетті. Негізгі себеп – жоғары көлемді акциздік салықтың өсуі. Соған байланысты бағасы да жоғарылап, халық оны еңбекақысына адал өндірілген арақты алуға шамасы жетпей, көлеңкедегі арзан арақты сатып алуға сұраныс көбейді», – деді Қазақстанның алкоголь және темекі өнімдерін адал өндірушілері, импорттаушылары мен сатушылары қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев.

Соңғы бірнеше айда заңсыз жолмен дайындалған алкогольден 27 отандасымыз мерт болды. Шілде айының өзінде ғана Ақмола облысында суррогаттық ішімдіктен 18 адам уланып, 12-сі өмірден өткен. Қостанай облысында «этонолдан уланған» деген диагнозбен 11 адам қайтыс болды. Ақмола облысы Жақсын ауданы, Жаңа Қима ауылында 5 литрлік ыдысқа құйылған жасанды арақтарды сатып алып ішкен 4 адам жан тәсілім етті. Бұл ретте отандық дәрігерлер пластик ыдысқа құйылған арақты тұтынудың денсаулыққа аса қауіпті екенін айтады.

«Оның қандай сумен жасалғанын, ол таза су ма, таза емес пе, қандай спирттен жасалғаны белгісіз. Кезінде Қытайдан келген метил спиртінен адамдар уланып, көзі көрмей қалған кездер болған. Ол техникалық спирт пе, оны анықтау өте қиын. Қазіргі таңда қолдан жасалған арақты адамдар алып ішеді деген бір ойға да келмейді екен. Өйткені дүкендерде алкоголь өнімдерінің бәрі жеткілікті», – деді дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев.

Еліміздің қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетімен биылғы жылдың 6 айында 108,7 мың литр заңсыз алкоголь өнімдері анықталды. Оның ішінде су қосылған спирт сұйықтығының мөлшері 8,3 мыс литрді құрайды. Алкоголь өнімдерінің көлеңкелі айналымын азайту мақсатында Wipon мобильді қосымшасы да іске қосылған. Бүгінде оның 900 мыңнан астам пайдаланушысы бар. Биылғы жылдың басынан алкоголь өнімдерін сатып алушылармен 191 355 бөтелке заңсыз алкоголь өнімдері анықталған.

«Қазақстанда арақ-шарапты пластикалық құмырындарға құюға рұқсат жоқ. Себебі арақ құйылған пластикалық бутылка арақтың құрамындағы спирт пен пластик реакцияға түскенде адам денсаулығына қауіпті улы заттар бөледі. Оның үстіне егер пластикалық бутылкадағы арақ күннің көзінде, ыстық жерде тұрып қалса, оның әсері 10-20 есе күшейеді», – деді Қазақстанның алкоголь және темекі өнімдерін адал өндірушілері, импорттаушылары мен сатушылары қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев.

Биыл мамырда Алматы облысы экономикалық тергеу департаменті 30 литр этиль спиртінің заңсыз тасымалы мен оның астыртын өткізілетінін ұстады. Ал маусым айында «Қарасу» шекара бекеті арқылы жүк көлігімен неинвазивтік өкпені жасанды желдету аппаратын алып өтпек болған тұлғалардан 11 тонна этиль спирті тәркіленген.  

Сая Меңдеке,  Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы