Төтенше жағдай кезеңінде медициналық ұйымдарға 2 740 адам көмек алуға жүгінген
Қаңтар оқиғаларында оқ тиген 2 бала өліп, 7-еуі жарақат алды. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жалпы төтенше жағдай кезеңінде медициналық ұйымдарға 2 740 адам көмек алуға жүгінген. Олардың ішінде 1 840-тан астам адам амбулаторлық көмек алып, 900-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған. 177 адам медициналық ұйымдарда көз жұмған.
Қасіретті қаңтар оқиғасында 7 медицина қызметкері зардап шегіп, 46 жедел жәрдем көлігі зақымданған. Ол көліктердің басым бөлігі Алматы қаласында. Сонымен қатар, 20 денсаулық сақтау нысанына шауыл жасалды. Ал төтенше жағдай кезеңінде медициналық ұйымдарға 2 740 зардап шеккен адам көмек алуға жүгініпті.
«Қазіргі уақытта 6 адам, Алматы мен Қызылордада 3 адамнан стационарларда ем алып жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр, оқ тиген. Ем алуда. Еліміздің үш өңірінде кәмелетке толмаған балалар зардап шекті. Алматыда 2 бала оқ тиіп қаза тапты. 7 бала түрлі оқ жарақатымен аурухана түсті. Олардың 4-еуі - Алматыда, екеуі - Алматы облысында және біреуі - Жамбыл облысында. Сонымен қатар Алматы облысында бір жүкті әйел шашылған газдан зардап шекті», - деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасының қымбаттау себебін түсіндірді. Вице-министр Жандос Бүркітбаевтің сөзінше, ведомство бағаның өсуіне жол бермеу үшін шекті бағаларды айқындаған. Ол дәрі-дәрмектің 770 атауы бойынша бекітілген. Ал 90 пайыз жағдайда баға көтерілмегенін мәлімдеп отыр.
«Бірақ біз халықаралық нарыққа сараптама жасай отырып бағаны көтердік. Оларды алдағы уақытта нақты жоғалтып алмау үшін бағаны көтеруге келісуге тиіс болдық. Бұл шамамен 300 атауға қатысты. Дәрі-дәрмектердің 90 пайызына баға көтерілген жоқ. Кей дәрі-дәрмек құны 14 пайызға төмендеді. Бүгінде бағаны реттеуге қатысты осындай жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев.
Сонымен қатар брифинг барысында америкалық вакцинамен ақылы екпе жасау мүмкін еместігі айтылды. Pfizer компаниясы бұған келісім бермей отыр екен. Компания бұл түптеп келгенде жанама қайта сатылымға алып келеді деп санайды. Бүгінде жалпы елімізде вакцинаның бірінші компонентін 10 млн-нан астам адам алған.
Асылбек Тойбек, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы