|
16.01.2023 | 18:24
3691

Қостанай облысындағы өрттің шығуына кінәлі адам сотталды

Былтыр күзде Қостанай облысында болған өрт кезінде 40 мыңнан астам гектар орман және шаруашылық жерлер өртенген еді

Қостанай облысындағы өрттің шығуына кінәлі адам сотталды ашық дереккөзден

Қостанайдағы өрттің шығуына тракторшы кінәлі болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыстық сот таратқан ақпарға сай, Әулиекөл аудандық соты 44 жастағы Александр Рапейконы облыстағы мыңдаған гектар жерді шарпыған жалынның шығуына себепкер деп таныпты.

Сот материалдарына сәйкес, тракторда ұшқынды бәсеңдететін құрылғы болмаған. Газ шығаратын түтігі де істен шығыпты. Содан орманның жанынан өтіп бара жатқанда ұшқын шөпке тиіп, өрт басталған. Басаман орман шаруашылығына қарасты жерлер өртке оранды. Одан кейін Аманқарағай мен Озерное ауылдарына жеткен. Кінәлі тракторшыға шығынды өтеуге талап қойылған жоқ.

«Әулиекөл аудандық сотының үкімімен қылмыстық кодекстің 58-бабы 2-бөлігін пайдалана отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты түрде деп танылды. Үкім заңды күшіне енді. Іс бойынша азаматтық талап қойылған жоқ», – деді Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің маманы Ләззат Байғожина.

Айта кетейік, былтыр күзде Қостанай облысында болған өрт кезінде 40 мыңнан астам гектар орман және шаруашылық жерлер өртенген еді. Мемлекетке 18,7 миллиард теңге шығын келді. Бұдан бөлек, жүздеген үй, жеке мүлік пен мал жанып кетті. Оның шығыны – 642 миллион теңге. Ал өрт сөндіру шараларына тағы 42 миллиард теңге жұмсалды. Қылмыстық іс Бас прокуратураның бақылауымен тергелді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир