Алаяқтармен күресте Қаржы мониторингі агенттігі өткен жылы алпауыт 6 компанияны анықтады
Оңай жолмен мол табысқа кенелемін дегендердің қатары елде күн санап артып келеді. Қаржы мониторингі агенттігі бүгіннің өзінде БҚО-да халықтың 120 миллион теңгесін жымқырған қаржы пирамидасын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әп сәтте тұрғындарды тақырға отырғызған қос ұйымды құзырлы орган өкілдері құрықтап үлгерген. Енді олардың тағдырын сот шешеді.
«Бәлен жерде бақыр бар» деп тақырға отырып қалғандардың бірі – Мадина Әділбекова. Бас қала тұрғыны осыдан 2 жыл бұрын тірнектеп жиған 15 млн теңгесін бәзбіреулердің қолына ұстата салыпты. Сол үшін пәтерін, су жаңа көлігін сатып, табысын еселегісі келіпті. Енді, міне, алаяқтардың бұл әрекетінен әділдік іздеп шарқ ұрып жүр.
– Мысалы, тендерге біздің ақшаны салады. Пайдасы шамамен 9 пайыз болса, соның жартысын бізге беруі керек болған. Алған пайданы екіге бөледі. Тендерге ақша құйсаңдар, табысын аласыңдар деген жарнама болды. Өзім бұрын тендермен айналысқан соң, еш күмәнсіз 15 млн теңгені салдым, – дейді қала тұрғыны Мадина Әділбекова.
Елімізде биыл 22 қаржы пирамидасы анықталды. Кибербақылау жүйесінде 4 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған. Алаяқтармен күресте Қаржы мониторингі агенттігі өткен жылы алпауыт 6 компанияны анықтапты. Қулығына құрық бойламайтын олардың қылмыстық істерін Экономикалық тергеу департаменті жүргізген. Агенттік ақпарына сүйенсек, бәрінде миллионын жоғалтқан мыңдаған салымшы бар екен. Әккілердің әмиянына ақшасын ойланбай құйғандар қатарында тіпті несие алып, қарызға белшесінен батқандар да болыпты.
– Ең көп таралған пирамидалардың тағы бір түрі – мессенджерлерде жасалған кассалар. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына есептелген орта есеппен 500-ден 5 мың теңгеге дейін салым талап етеді. WhatsApp және Тelegram мессенджерінің әрқайсы 30 адамға дейін топ құрылады. Осыдан кейін старт жарияланады. Старт жарияланған сәттен бастап қатысушылар ақшаны ұйымдастырушылардың банк картасының шотына аударады, – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Ебін тауып, екі асағысы келетіндерге түбегейлі тұсау болмай тұр. Құзырлы органдар да алаяқтардың жолын кесуде қауқарсыз. Агенттік мамандарының айтуынша, олардан сақтану жолы – әркімнің қаржылай сауатты болу. Биылдың өзінде жыл басталған алғашқы 4 айда 826 салымшының салы суға кеткен.
Халықты алдап, ақшасын жымқырған қаржы ұйымдары кемі 10 жыл арқалайды. Онда да қылмысы дәлелденсе ғана жазаланады. Мұнда да оңай олжа табамын дегендер оңбай ұтылып жатыр. Себебі табысқа тез кенелмек түгілі, берген ақшасын қайтарып алуы екіталай.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы