Тәртіп сақшылары цех жұмысын тоқтатты
Түркістан облысында белгілі брендтердің атын қолданып кір жуғыш ұнтақтарын заңсыз шығарған цех әшкере болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Полиция дерегінше, бұл іс бойынша күдікті деп танылған 4 адамның бірі - Өзбекстан азаматы. Ал қалғандары - жергілікті тұрғын. Олар түрлі құралдарды пайдаланып, өнімді қолдан жасап келген. Тәртіп сақшылары цех жұмысын тоқтатып, тексеру кезінде оқиға орнынан жалпы салмағы 8 тоннадан асатын кір жуғыш ұнтағы мен өзге де заттай айғақ тәркіледі.
«Бұл жайт ҚР ҚК 222-бабы 1-бөлігі «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» бойынша Түркістан ҚПБ-ға тіркеуге алынды. Полицейлер жинақталған материалдарды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолдады», – деді ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғалымбек Тұрысбеков.