Биыл қаржы пирамидаларына қатысты 330 қылмыстық іс тергелді
Елімізде жыл басынан бері 19 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларынан зардап шеккен. Аталған деректі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Жалпы, жылдам табыс табудың ғажайыбына сенгендерге қандай әдіс қолданылады? Құлқынның қамымен қаржы пирамидасына құрбан болмау үшін нені білу керек? Аlmaty.tv тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрген еді.
Заманауи қаржы пирамидалары жеңіл әрі жылдам табыс тапқысы келетіндерді тарту үшін түрлі әдісті пайдаланып жүр. Бастысы – сұраныстың азаймауы, адамдардың арам ойдан айықпауы. Алаяқтардың арбауына түскендердің қатарында бүгінгі кейіпкеріміз де бар. Ол зергерлік бұйымдар сатамыз деген онлайн дүкенге 300 мың теңгесін қолды қылыпты.
«Алғашында 130 мың теңгемді құйдым. Ай сайын расымен 15 мың теңге табыс тапқан соң, қызығушылығым артты. Жасыратыны жоқ, оңай жерден келген ақша ғой. «Көбірек салсаң, көбірек аласың» дегенге алданып қалдым. Артығымен алмақ түгілі, қолда бар ақшамды беріп қойып отырмын», – дейді жәбірленуші.
Онлайн дүкендер мен алыпсатарлық қызметтен бөлек, қазіргі қаржы пирамидалары өздерін жоғары кірісті инвестициялар саласындағы табысты ұйым ретінде көрсете бастаған. «Мұны олардың жарнамалық науқандарындағы «аса тиімді», «бірегей», «жоғары табысты бизнес» дегендерінен байқауға болады» дейді мамандар. Ал бір ақша салымынан бірнеше есе табыс табуға сенгендерге бар болғаны, соңынан бірнеше қатысушыны тіркеу міндеттеледі. Жалпы, мұндай жүйе қазір қоғамда кең етек жайып тұр.
«Қазақстан Республикасында азаматтардың ақшасын, депозиттерін тарту тек арнайы, екінші дәрежелі банктермен жүзеге асырылады. Яғни, екінші дәрежелі банктер белгілі бір тексеруден өткен, лицензиясы бар ұйымдар. Мұндай ұйымдарға ақша салған кезде ол мемлекетпен кепілдендіріледі», – деді Алмалы аудандық прокурорының орынбасары Ақан Ысқақов.
Иә, қазір кепілі жоқ кеңселерге ақша салып, кемсеңдеп қалғандар аз емес. Жыл басынан бері қаржы пирамидаларына қатысты 330 қылмыстық іс тергелді дейді мамандар. Ал оның жартысынан астамы сотқа жіберілген. Ішкі істер министрлігі берген ақпарға сүйенсек, 19 мыңнан астам адам зардап шеккен бұл жағдайда 21 млрд теңге зиян келіп отыр.
Мадина Оқас, Ануар Амангелдинов, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы