Кәсіпкерлерден 87 млн теңге бопсалаған қылмыстық топ құрықталды

20.03.2021 в 00:09

ҚР ҚК 264-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі жүргізген арнайы операция барысында Ақтөбеде аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Құқық қорғаушылар 2020 жылдың қазан-қараша айларында қаскүнемдердің кәсіпкерлерден 87 миллион теңге иемденіп алғанын анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөйтсе, олар Беларусь елі мен Қазақстанның бизнесмендерін Ақтөбе қаласына алдап шақырып, қол күшін жұмсап, қысым көрсеткен. Комитеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы жылдың ақпан айында күдіктілер Ақтөбеге Мәскеудің бизнесменін, ірі инвестициялық компанияның жетекшісін шақырып, одан 500 мың доллар көлемінде ақша иемденбек болған екен. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Нәтижесінде топ жетекшісі Қазақстан азаматы және 4 белсенді мүшесі Ресей Федерациясының азаматтары ұсталды. Тінту барысында  3 Калашников автоматы, электрошокерлер, бетперделер, банк карталары, ұялы телефондар мен қылмыс жэасаудың басқа да құрал жабдықтары алынды. Күдіктілерге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданды. ҚР ҚК 264-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді  ҚР ҰҚК ресми өкілі  Аркен Абдуғали.