Қазір елде контрафактілік өнімдердің алдын алу шаралары белсенді жүзеге асып жатыр
Алматыда жыл басынан бері 5 мыңнан аса контрафактілік өнім тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалған тауарлардың жалпы сомасы 2 жарым миллион теңгеден асқан. Бұл туралы қалалық Әділет департаменті мәлімдеді.
Сауда нарығында ішімдік, темекі, химиялық заттар, киім-кешек өнімдерінің көшірмесі жиі жасалады. Алматы қалалық Әділет департаментінің мәлімдеуінше, көп жағдайда тұтынушылар түпнұсқаны айнытпай жасалған жалған тауардан ажырата алмай жатады. Сондықтан дүкенге немесе сауда орнына барғанда негізгі ережелерді ескерген жөн, дейді мамандар.
«Ең алдымен тауардың қаптамасына қарау керек. Өйткені, көшірменің сапасы нашар немесе түсі күңгірт болуы мүмкін. Кейде өнімді қолдан жасайтындар қаптаманың түсін керісінше, түпнұсқаға қарағанда өте ашық, қанық етіп бояйды», – деді заңгер Жанат Нұрмағамбетов.
Сан соғып қалмас үшін тұтынушылар қаптамадан бөлек, тауар құнына назар аударуы қажет. Өйткені, өнімнің бағасы неғұрлым төмен болса, соғұрлым жалған болуы ықтимал. Ал мұндай заттар тек арзан сауда орнында сатылады. Қазір елде контрафактілік өнімдердің алдын алу шарасы белсенді жүзеге асып жатыр.
«Біз Әділет министрлігімен және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Қазақстанның заңнамасын жақсартып, оны халықаралық нормаларға сәйкес ету үшін күш салып жатырмыз. Бірқатар ұсыыстарымыз да бар», – деді Заң компаниясының басқарушы серіктесі Юрий Болотов.
Айта кетейік, бүгін, 26 сәуір – бүкіл әлемде «Халықаралық зияткерлік меншік күні» деп белгіленген. Осыған орай құзырлы орган өкілдері жалған тауар өндірушімен күресу үшін «Контрафакт» республикалық акциясын бастады.
«Осы уақытқа дейін Әділет департаменті 200-ден аса құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы құқықтық түсіндіру жұмыстары халыққа қызмет көрсету орталығында, сонымен қатар арнайы мейрамханаларда авторлық құқықты қорғау бағыттары бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, студенттерге зияткерлік меншік тақырыбын түсіндіру, оны қалай тіркеу керек, қалай қорғау керек тақырыбы бойынша арнайы кездесулер, лекциялар, семинарлар өткізіліп тұрады», – деді Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.
Қалалық Әділет департаменті өкілдерінің айтуынша, контрафактілік өнімді дайындайтын немесе сататын кәсіпкерлерге 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал егер жалған тауардың құны 2 мың айлық есептік көрсеткіштен асса, онда заң бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғалады.
Аяулым Көлжігіт, Дина Жанабекова, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы