Аң атуға рұқсат қағазы жоқ күдіктілер қамауға алынды
Солтүстік Қазақстан облысында браконьерлікпен айналысқан екі қорықшы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәртіп сақшылары «Красный вор» аумағында аңшылыққа қатысы бар деген күдікпен Нива автокөлігін тоқтатып, марал еті салынған полиэтилен қапшықтарын тапқан.
Ең қызығы, көлік жүргізушісі мен жолаушының сол маңда қорықшы болып жұмыс істейтіні анықталды. Кейін ұсталғандар полицияға 2 маралды атып, сойған жерлерін көрсетті.
Аң атуға рұқсат қағазы жоқ күдіктілер қазір Есіл аудандық уақытша ұстау изоляторында қамауда.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстанда аң аулау маусымы ашық кезде атылатын жануарлардың нақты саны қатаң белгіленеді.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 337-ші бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің екеуі сол ауданда қорықшы болып жұмыс атқарады. Екі адам қазіргі уақытта Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Есіл аудандық полиция бөлімінің басшысы Ерлік Еслямбеков.