«Бұқар жырау» тұрғын үй кешеніндегі атыс: оқиғаның себеп-салдарына байланысты алғашқы болжам айтылды

27.04.2021 00:10

Тәртіп сақшылары онымен 6 сағат келіссөз жүргізген

Almaty.tv

«Бұқар жырау тауерс» тұрғын үй кешенінде болған атысқа қатысты жаңа деректер белгілі болды. 56 жастағы ер адамның өмірімен қоштасар алдында қалдырған соңғы жазбасы табылды. Ал, тұрғындардың айтуынша, алдымен күзетшінің аяғына себепсіз оқ атып кейіннен өзін 17 қабаттан тастап жіберген азаматтың психикалық ауытқуы бар болуы мүмкін. Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын айтын.  

56 жастағы ер адамның тапа-тал түсте қолына мылтық алып, елді не себепті дүрліктіргені әзірге белгісіз. Даулы мәселеге мына үй сыртында тұрған жиһаздар себеп болуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, Ресей азаматы бұл кешенде пәтер жалдап тұрған. Үйінде неше түрлі жиһаз өндірумен айналысқан көрінеді.

«Менің білетінім, осындай бұзылған дивандарды жинап үйінде жөндейтін. Менен келіп бір бөлме де сұраған. Бұрында бір бөлме тауып бергенбіз, бірақ ол жақтан дивандар жоғалды. Кейіннен осында шығарып қоятын болды дивандарын. Кейіннен адамдар шағым айтты мынаны алып тастау керек деп», – деді Пәтер иелері кооперативінің шаруашылық меңгерушісі Әлібек Нұрғали.

Көршілері оның мұндай дөрекі қылықтарын бұған дейін де байқапты. Десе де қолына мылтық алып, елді қорқытады деген ой ешкімнің басына келмеген. Дегенмен оқыс оқиғадан кейін тұрғындар шошып қалдық дейді.

«Қауіптенеміз, балаларымды сыртқа шығармаймыз. Кешегі оқиғадан кейін таныстары келіп бізден өш алады ма деп қорқамыз. Қорқып қалдық, шыны керек», – деді қала тұрғыны Гүлбағира Кертаева.

Белгілі болғандай күзетшінің аяғын жаралап кейіннен өз пәтеріне барып жасырынған. Тәртіп сақшылары онымен 6 сағат келіссөз жүргізген. Ол үшін полицейлермен қатар прокурорлар және оқ атқан адамның туысқандары тартылыпты. Алайда ол келісімнен бас тартқан. Кейін 17 қабаттан секіріп мерт болды.

«Арнайы операцияны жүргізген кезде полиция тарапынан қандай да бір өлтіруге бағытталған қару-жарақ қолданылмады. Тек үркіту үшін арнайы дабыл қаққыш құрылғылар қолданылды. ҚК 293-бабы бойынша бұл дерек біріңғай регистрде тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал, жараланған күзетші қазір №7 клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді дәрігерлер.

«Сол жақ тізе буынның жарақатымен келіп түсті. Науқасқа жедел көмек көрсетілді. Жағдайы бірқалыпты. Жарақат бөлімінде ем алып жатыр», – деді қалалық №7 клиникалық аурухананың травматолог-дәрігері Бауыржан Өтешов.

Азамат өз-өзіне қол жұмсар алдында әлеуметтік желіге жазба қалдырған. Онда 4 баласы бар екені, 2016 жылы отбасы оны тастап кеткені туралы айтқан. Оның жүйке жүйесінде ауытқушылық бар-жоғын қалалық полиция департаменті тергеу кезінде анықтайтынын айтты.  

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы