Алматы облысында кішкентай қызды зорлаған күдікті мен оның әйелі ұсталды

04.10.2023 23:54

Кей дереккөздер азғынның қыздарды 9 ай бойы зорлап келгенін жазды

Photo: Рixabay/Isabella Quintana

Алматы облысындағы Бақанаста қаршадай қызды зорлаған 40 жастағы күдікті ұсталды. Тергеу кезінде оның тағы бір балаға азғындық жасағаны анықталған. Бұл туралы полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адам шошырлық әрекетке барған күдікті уақытша қамауда отыр. Ал одан зәбір көрген 3 жастағы егіз қыздар ауыр хәлде жедел жәрдеммен аурухана түсті.

– 3 қазан сағат 14:25-те қабылдау бөліміне жедел жәрдеммен 2020 жылы туған егіз балалар жеткізілді. Бүгін таңда балалардың жағдайы орташа ауыр. Хирургия бөліміне жатқызылды. 1 балаға жалпы жансыздандырумен ота жасалды. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілді, – деді Алматы облыстық Балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.

Кей дереккөздер азғынның қыздарды 9 ай бойы зорлап келгенін, бұл сұмдықты анасы мен әжесі де білгенін жазады. Ең сорақысы, «олар күдіктіге кешіріммен қараған» дейді. Зорланған балаларды құтқаруға асықпаған. Ақыр аяғында қаршадай қыздар масаң күйде келген еркектің қолынан өліп кете жаздапты. Бірақ бұл әзірге құқық қорғаушылардың берген мәліметі ғана. Істің анығы тергеуден кейін мәлім болмақ. Полиция күдіктінің әйелі де қамауға алынғанын хабарлады.

– Тергеу барысында күдіктінің қыздың әпкесін де зорлауға қатысы бары анықталды. Күдіктінің әйелі де қамауға алынып, сараптамалық тексеру тағайындалды. Барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс облыстық Полиция департаменті бастығы бақылап отыр, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ернар Сәйділдин.

Оқи отырыңыз:Бойжеткен терезеден құлап мерт болды