Оның үстінен 6 адам арызданып отыр
Ақтөбеде қоғамдық қор директоры қамауға алынды. Ол балаларды емдеуге жинаған ақшаны заңсыз иемденіп, ірі алаяқтық жасады деп күдікке ілінді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Әзірге оның үстінен 6 адам арызданған. Олардың айтуынша, қор құрылтайшысы ауыр дертке шалдыққан балалардың емделуіне қаражат жинауға көмектесеміз деген желеумен ақшаны қалтасына басқан. Зардап шеккендер арасында көпбалалы қиын жағдайға түскен ата-аналар да бар. 5 баланың әкесі Темірхан Арун кенже ұлына көз торының қатерлі ісігін емдеуге қажетті соманы аталған ұйым арқылы жинап, опық жеген.
- Директоры бізге "Меценат бар, сіздің Швейцарияда төлейтін 72 мың швейцар франкі, біздің теңгеге шаққанда 37 миллион 500 теңге болады, бізден тек сіздің жол шығыныңыз, сосын виза ашуға және қор қызметінің еңбегін төлейтін ақысы 5 миллион теңге ақша жетеді" деп есептеп шығарды. Содан сол жерде келісімшартқа қол қоядық, - дейді жәбірленуші Темірхан Арун.
Қайырымдылық қор жетекшісі күні кеше уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеушілер қомақты соманың қайда кеткенін анықтауда. Әлеуметтік желілердегі қордың ресми парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, олар осыған дейін 21 баланың емделуіне жалпы сомасы 120 миллион теңге төлеуге жәрдемдескен.
- «More Life» қайырымдылық қорының басшылығына қатысты алаяқтық дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша бірнеше сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталған болатын. Осы іс бойынша жәбірленуші тарап облыс прокурорының жеке қабылдауында болып, іс қатаң бақылауға алынып, қазіргі таңда жалпы залал 30 миллион теңгеден астам деп көріп отырмыз, - Ақтөбе қаласы прокурорының орынбасары Нұржан Қалдығожин.
Оқи отырыңыз: Баспанамыз басымызға құлайтын болды