Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған
Қазіргі уақытта прокурорлардың өтініштері бойынша қамауға алудан 1 149 адам босатылды, 577 іс бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды, 393 әкімшілік іс құрамы болмауына байланысты толығымен тоқтатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Осылайша, сотпен әкімшілік қаумауға алынған 3 314 тұлғаның ішінен тек 63-і қамауда қалып отырғанына назарларыңызды аударғым келеді. Бұл ретте прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтінішхаты соттарда қаралуда. Жалпы, осы жылдың 25 қаңтарындағы жағдай бойынша жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Олардың ішінен 802-сі сот санкциясымен қамауға алынды, 50-іне үй қамағы, ал 21 тұлғаға кепіл, 12-не ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды, 13-і бойынша бұлтартпау шарасы туралы сұрақ қаралуда», - деді спикер.
Қилымжановтың баяндауынша, Прокуратура органдары қайғылы оқиғаларды тергеу кезінде заңның сақталуын қамтамасыз етеді.
Прокуратура органдарына тыйым салынған тергеу әдістеріне және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқықтарын бұзу деректері бойынша 109 шағым түсті. Билікті және лауазымдық өкілеттерді асыра пайдалану туралы 11 шағым бойынша прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ал қылмыстық қудалау органдары прокуратураның нұсқауымен 10 қылмыстық істі тіркеді, - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілі ОКҚ-да.
Оның сөзінше, бүгінгі күні 21 қылмыстық іс өндірісте. Олардың 20-сын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер мен арнайы прокурор тергеп жатыр. Сондай-ақ 43 арыз бойынша тексерулер жалғасып жатыр. 22-сі өз дәлелдерін таппады.