Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті

10.12.2022 00:09

Олар шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеп келген

жедел түсірілім

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіндегі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның қатарында, 4 полиция қызметкері және Астана қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының 2 басшысы бар. Олар заңнамада көзделген тиісті алымдарды төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеп келген. Ал көрсеткен қызметі үшін әрбір автокөлік иесінен шамамен 400 мың теңгеден бастап 1 миллион 600 мың теңгеге дейінгі соммада қаржы алған. Қылмыстық әрекеттен мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді. Яғни, баж, алым-салық бюджетке түспеген. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

«Қылмыстық топ осы жылдың қаңтар айынан бері азаматтарды шетелдік көліктерді тіркеу заңдылығына байланысты алдап, өз қызметін ұсынып, ақшаларын ұрлаған. Осындай жолмен 486 көлікті заңсыз рәсімдегені анықталды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің ресми өкілі Арман Тлеукенов.