Алматыда танымал вайнерлерге қатысты сот отырысы өтіп жатыр

24.12.2022 00:10

12 желтоқсанда қаржы ұйымын құрды деген танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған еді

ulysmedia.kz

Алматыда Mudarabah Capital қаржы ұйымына қатысты сот отырысы бүгін тағы жалғасты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан істің алдын ала тыңдау барысында айыпталушы Мейіржан Төребаев тергеудің дұрыс өтпегенін айтып, қайта қарау үшін істі прокурорға тапсыруды сұрады. Ал оның адвокаты соттан бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды өтінді. Ал прокурор қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ екенін айтты.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 1-бөлігінің 321-бабына сәйкес, ауыр қылмыстық істер бойынша алдын ала тыңдаулар міндетті. Істі прокурорға қайтаруға негіз бола алатын елеулі заң бұзушылық болған жоқ деп есептеймін», – деді прокурор Ерлан Құланбаев.

Дегенмен прокурор Төребаевтың бұған дейінгі сот отырысында айтқан сұранымын қолдады. Ол кезде айыпталушы өзінің қоғамдық қорғаушысы ретінде бұл іске әйелін тарту туралы өтініш білдіріп, бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұраған еді. Бұдан өзге, сотталушылардың адвокаттары төрешіден келесі отырысты офлайн режимінде өткізуді сұрады.

Еске салайық, 12 желтоқсанда қаржы ұйымын құрды деген танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған еді.