Елімізде 234 мыңнан астам азаматтық қару иелері есепте тұр

16.03.2022 00:40

Заңсыз айналымнан 700-ден астам атыс қаруы тәркіленді

inform.kz

Ел аумағында заңсыз қару сақтау туралы 240 дерек тіркелді. Бұл туралы ішкі істер министрлігі ақпар таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полиция органдарында 234 мыңнан астам азаматтық қару иелері және 2 мыңнан астам қызметтік қару субъектілері есепте тұр екен. Қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 700-ден астам атыс қаруы және ойық қарудың 4 мыңнан астам патроны алынған. 

«Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 240 материал тіркелді. Әкімшілік жауапқа 348 азамат тартылды. Сонымен бірге, 2 мыңға жуық заңды тұлға, соның ішінде 76 қару-жарақ саудасы жөніндегі арнайы дүкен тексерілді. 50 мыңнан астам фермерлік, шаруа қожалықтары, 160 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексерілді. Тексеру нәтижесінде 3,5 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды», - деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Бұдан бөлек министрліктің баспасөз өкілі жыл басынан бері елімізде 450 бала жол-көлік апатынан зардап шеккенін айтты. Әсіресе соңғы аптада балалардың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары көп тіркелген. 

«9 наурызда Жамбыл облысында жүргізуші мас күйінде көлік жүргізіп, Сарыкемер-Түймекент автожолында жаяу жүргіншіні қағып кетті, нәтижесінде екі жасар бала қаза тапты, баланың анасы ауруханаға жатқызылды. Ал 10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Сығанақ көшесіндегі үй ауласында жүк көлігін жүргізуші мектеп оқушысын қағып кетті, ол ойын кезінде қар төбешіктен көліктің астына түскен, салдарынан 9 жасар қыз мерт болды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.