38 ауыр қылмыс
Дәл осы өңірде жасөспірімдер арасында ауыр қылмыс күрт өскен. Көрсеткіш 90 пайызды көрсетіп тұр. Сорақысы кәмелетке толмағандар кісі өлтіріп, құқық бұзушылықты жиі жасай бастаған. Мұның себебі неде? Полицейлер нендей шара қолданып жатыр? Аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает баяндайды.
38 ауыр қылмыс. Бұл Жамбыл облысы жеткіншектерінің жыл басынан бергі жасаған ауыр қылмыстарының саны. Сорақысы кәмелетке толмағандардың қолымен жасалған қылмыстар былтырға қарағанда екі есеге дейін өсіп кеткен. Оның арасында топтық төбелесте адам өлтіру, TikTok үшін бірін-бірі пышақтау сынды деректер бар. Ал, білім басқармасының өкілдері, жүгенсіз жасөспірімдердің бұл әрекетіне балаларына мән бермейтін ата-аналар кінәлі дейді. Дегенмен әкімдік тарапынан түзету жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Оқу жылында есепке қойылады, осы оқу жылы аяқталғанша тұрады есепте. Біз бұл балаларды қазір спорт үйірмелеріне және басқа да мынау шығармашалық үйірмелеріне тартып жатырмыз. Көп жағдайда ата-аналар жұмыс бастылыққа бой береді. Біз шаршап келеміз, жұмыстамыз баларға қарай алмаймыз деген мәселені айтады. Ата-аналардың өздерінде тәртіпке үйретіп, тәртіпке шақыру керек», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талған Жамалов.
Құзырлылар дәл қазіргі уақытта 267 бала құқық бұзғаны үшін ішкі істер органдарында есепте тұрғанын мәлімдеді. Ал, мектепішілік есепте 414 оқушы бар екен. Сонымен қоса, мамандар карантин уақытында да кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығы азаймағанын айтады. Қаңтар айынан бастап түнгі уақытта қадағалаусыз қаңғыбастығы үшін 3607 бала тіркелген.
«COVID-19 осыған байланысты жастар мен жасөспірімдер отыратын, қыдыратын жері, бос уақытын өткізетін орындардың жұмыстары казір шектелуде. Нәтижесінде балалардың қаңғуы, яғни көшеде жүру фактілері азайған. Бірақ осыған қарамастан аталған жұмыстар атқарылуда және жалғастырылуда», – деді ПД ЖПҚБ Ювеналдық полиция тобының инспекторы Нүркен Абдуллин.
Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық әрекеті үшін әрине жауапты ата-ана болып қала бермек. Түнгі уақытта ұл-қызын жүгенсіз жіберген ата-ана 5-10 айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл арқалайды. Ал, жағдай үшінші рет қайталанса әкімшілік жауапкершілікке тартылып 10 тәулікке қамалу да көзделгенін ескертеді.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан