|
12.06.2024 | 20:20
2723

Адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты тың дерек пайда болды

Амандық Сағынғалиевтің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды

Адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты тың дерек пайда болды Almaty.tv

Атыраудағы базарлардың бірінде адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты жаңа деректер пайда болды. Екі азаматтың кикілжіңіне көліктің сырылып кетуі себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кешелі бері әлеуметтік желіге тарап, елдің есін алған жағдайды атыраулықтар әлі де қызу талқыға салып жатыр. Көпшілік тіпті базар маңына барудан қорқып қалған. Бейнебақылау камерасынан көргеніміздей, ашулы азамат екінші тұрғынды тоғыз рет ұрып, құлатады. Қайта тұрған 56 жастағы Амандық Сағынғалиев ауруханаға жеткізілгенімен, алған соққының әсерінен өмірімен қош айтысты. Ал басты күдікті оқиға орнынан дереу із суытқан.

– Оқиға осы жерде болды. Бірақ ол кісілердің не істеп жатқанын көрген жоқпын. Адамдар көп жиналмады, мән берген жоқпын, – деді куәгер Гауһар Ізғалиева.

Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына марқұмның қызы жеткен. Ол «әкемді жедел жәрдем көлігіне отырғызып жатқанда, жұдырығы жуан азамат әлі де балағат сөз айтып жатқан» дейді. Ал кейін келген туыстарына күдікті төбелестің мүлдем басқаша өрбігенін айтыпты. «Сөзге келіп қалып, бір-ақ рет ұрдым. Марқұм өзі құлап, басын соғып алды» деген нұсқаға қайтыс болған азаматтың туыстары сеніп қалған. Олар «марқұм жан баласын ренжітпейтін, абыройлы тұлға еді» деп еске алды.

– Амандақ ағамыз – елге қызмет қылған ауылымыздың сыйлы азаматы. Елдің алғысын арқалаған, жақсылықтың жаршысы, ақкөңіл, адамды ренжітпек түгілі, жәндікке зияны тимейтін. Ол кісі қолынан қаза тауып, ауылымыздың қабырғасын қайыстырды. Отбасына Алла сабыр берсін дегім келеді, – деді марқұмның туысы Ләззат Тастаева.

Қазір аталған іске қатысты тергеу басталған. Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы істі тікелей жеке бақылауға алғанын хабарлады.

– Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, адам өліміне алып келу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті дереу ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.

Айта кетейік, жағасына жармасқан жігіттің жұдырығынан қаза болған азаматтың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Марқұмның артында қайғы жұтып тұтас әулет, 4  баласы мен 5 немересі қалды.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Петропавлда аутизмге шалдыққан балалар жертөледе оқуға мәжбүр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир