Талдықорғанда экс-прокурор алаяқтық жасағаны үшін сотталды

06.09.2024 00:14

Оған 19,4 млн теңге айыппұл салынды

elements.envato.com

Талдықорғанда алаяқтық жасады деп айыпталған экс-прокурорға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, сотта экс-прокурорға қатысты өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, алаяқтық жасады деген айыппен қылмыстық іс қаралды.

«8 маусым 2024 жылы Талдықорған қаласында облыстық прокуратураның мемлекеттік айыптауды қамтамасыз ету басқармасының лауазымды тұлғасы прокурор бола тұра, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, алдау арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қылмыстық мақсатты көздеген. Осы мақсатпен прокурор қызықтырған қылмыстық істі оң шешуге көмектесетінін айтып, өзінің танысын жаңылыстырған. Алайда шындығында, оның істі тергеуге қатысуға ешқандай ниеті болған жоқ. Осылайша, прокурор танысының 1,9 млн теңгеден астам қаржысын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен», - делінген сот хабарламасында.

Экс-прокурордың заңсыз әрекеттері прокуратураның ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының бірлескен іс-шараларының нәтижесінде анықталды.

Тараптардың позициясы

Мемлекеттік айыптаушы экс-прокурорды кінәлі деп танып, «кіші әділет кеңесшісі» сыныптық шенінен айырумен қоса, өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші сотталушыны кешіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толықтай мойындап, шын жүректен өкініп, келтірілген зиянды толық өтеген.

«Сотталушының кінәсі дәлелденіп, қылмыстық іс қысқартылған тәртіпте қаралды, сотталушы өз кінәсін толық мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді дауламады. Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды – шын жүректен өкінуді, зиянды өз еркімен өтеуді, жәбірленушімен татуласуды, сондай-ақ кішкентай балалардың болуы, олардың біреуі мүгедек болуы, қылмыс жасауды ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, берген антын бұзған А.-ны кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығын өмір бойына айыра отырып, ұрланған мүліктің он еселенген мөлшері, 19 463 180 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. ҚК 49-бабының 1-бабына сәйкес «кіші әділет кеңесшісі» сыныптық шенінен айырылған», - делінген хабарламада.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Елімізде 6600-ден астам интернет-казино бұғатталды