Өздерің кінәлісіңдер: Қаржы пирамидасына 50 мың доллар салған тұрғын сан соғып қалды

26.05.2021 в 00:50

Елімізде осындай жалған желеумен қаржы пирамидаларына алданып қалғандар саны күннен күнге артып келеді

Артыңыздан көп адам ертіп келсеңіз қолыңыздағы аз ақшаны бірнеше есе қылып көбейтіп береміз. Елімізде осындай жалған желеумен қаржы пирамидаларына алданып қалғандар саны күннен күнге артып келеді. Ең қызығы, олардың арасында жаңадан шыққан онлайн букмекерлік ұйымдар да бар. Тақырыпты  Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

51 жастағы Индира Батырбекова қаржы пирамидасына сеніп, 50 мың доллар салған. Алғашында оны көршісі шақырып, қасына тартыпты. Кейін қолындағы бар мүлкі мен үйін сату арқылы ұйымға ақша аударады. Қазіргі уақытта отбасымен далада қалған Индира - жасаған қателігі үшін уайымға салынып, денсаулығы күрт нашарлап та кеткен. Тіпті, сан соғып қалғандардың арасында өзіне қол жұмсағандар болды, дейді.

«Пирамида дегенді бұрын соңды естімегенмін. Ешқашан ондай нәрсеге алданамын деп ойлап көрмегенбіз. Адамдар қай жерге барсақ та, өздерің кінәлісіңдер, ақшаларыңды өздерің апардыңдар, сендіңдер дейді. Иә, мен түсініп тұрмын. Кінә өзімізден. Бірақ осындай алаяқтарға қатаң заң қолдану керек», – деді зардап шегуші Индира Батырбекова.

Ал, қаржы ұйымдарына мониторинг жасап отыратын мамандар осы уақытқа дейін 200-ден астам алаяқтық жолымен ашылған сайттарды бұғаттап үлгерген. Алайда олардың саны азаймай тұрғанын айтады. Сол себепті мамандар FINGRAMOTE ONLINE қосымшасын ойлап тапқан. Яғни, мобилді бағдарлама арқылы қаржылық ұйымның заңды немесе заңсыз екенін анықтауға болады.

«Жыл өткен сайын пирамидалардың да заман талабына сай қитұрқы әрекеттері өзгеріп отырады. Мысалы, бұрын адамдарға ашық түрде өздерін жарнамаласа, қазіргі уақытта әлеуметтік мессенжерлер арқылы жарнамалайтын болған. Яғни, чат арқылы танысқан адамға көрмей жатып ақша аударсаңыз өз еркіңізбен берген болып саналасыз», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Дмитрий Акмаев.

Дәл сондай жаңадан шыққан топтардың бірі әлеуметтік желідегі букмекерлік ұйымдар. Олар спорттың нәтижесіне емес, артыңыздан бәс тігетін адамдарды неғұрлым көп әкелгеніңізге байланысты коэффицент көбейтіп, келісілген матч туралы ақпарат береді-мыс.

«Екінші мәселе – бұл криптовалютаны сатып алу. Қазір криптовалютаға сұраныс өте көп. Елімізде бұған төлемақы ретінде пайдалануға тыйым салынғанын түсінуі керек. Алайда бұл инвестицияға тыйым салу деген сөз емес. Көбісі осыны пайдаланып, адамдарды алдауға тырысады», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Дмитрий Акмаев.

Ал, Алматыда полиция жыл басынан бері заңсыз пирамидаларға қатысты 2 қылмыстық іс қозғап, 7 адам жапа шеккенін айтады. Еске салайық, мұндай жағдайда қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес 1000 АЕК айыппұл төлеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкін.    

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы