Сот алдында медбикенің жауабы мүлде өзгерген
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сапта тұрып құлаған сарбазды алғаш тексерген медбике тергеу кезінде оның денесінде ешқандай жарақат белгілері болмағанын айтқан еді. Сот алдында жауап берген ол мүлде басқаша сөйлеген. Адвокаттың айтуынша, бұған дейін өткен сот отырыстарында офицерлер мен басқа да әскердегі қызметкерлер қылмыстық іске қатысты ойын бұрмалап жеткізген көрінеді.
«Сол жердің мейірбекесінен жауап алынды. Ол Қалбай Әлібек құлаған сәтте баланың дене бітімінде жарақат жоқ деген жауап қатты. Алайда 5-6 сарбаз баланы көтермелеп ішке, әскери бөлімге кіргізген кезде бірден ол баланың құлақ тұсында қан аққандығын, баланың өмірден өтіп кеткендігін, қол-аяғында ары қарай пульстің болмағанын айтып отыр. Соған байланысты қарама-қайшылықтар туып отыр», – деді адвокат Гүлайым Шынтаева.
Еске салайық, Маңғыстау облысының тумасы Әлібек Қалбай 18 сәуірде әскери қызметін өтеу үшін Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөліміне қабылданған. Бірнеше күн өткен соң ол жұмбақ жағдайда қаза болды. Оның өліміне бірге барған 18 жастағы Айболат Аманжолов күдік ретінде ұсталған еді.