Олар мемлекет мүлкін 3 жыл бойы талан-таражға салып келген
Шымкентте жоқ адамды жұмыспен қамтып, олардың айлығын қалтасына басқан мектеп басшылары сотталды. Білім ұясының есепшісі мен директордың орынбасары мемлекет мүлкін 3 жыл бойы талан-таражға салып келген. Барлығы 48 миллион теңгені иемденген оларға бүгін үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сотталғандар – Шымкенттегі №44 мектептің бұрынғы басшылары. Білім ұясы директорының орынбасары мен есепшісі бұған дейін жұмыс істемейтін адамдарды табельге тіркеп, мемлекеттен түскен айлықты қалтаға басып отырған. Үш жылға созылған қылмыс әшкереленіп, сот үкім шығарды.
– Бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Директордың орынбасары кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал директор оларды қадағаламағаны үшін айыппұл салынды. Оған 5,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жаза нақты күшіне енген жоқ, – деген қалалық Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов.
Сот отырысына өзге де мектептің басшылары қатысты. Қос азаматтың 600-ге тарта әріптесі кесілген жазаны онлайн көрді. Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «мұндай амал қылмыстың тыйылуына себеп болады» дейді.
– Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорына бөлінген 48 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша үкім шығарды. Сыбайлас-жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот процесі 700-ден астам қалалық мектеп директоры мен бухгалтердің қатысуымен өтті, – деді ҚР СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы бірінші орынбасарының м.а Алексей Колосков.
22 млн теңгені қалтасына басқан бухгалтер 8 жылға сотталса, қалған 26 млн теңгені талан-таражға салған директордың орынбасары 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал олардың жұмысына салғырт қарады деген бұрынғы директор 3 жыл лауазымды қызмет атқару құқығынан айрылды. Сондай-ақ ол 5 млн теңге айыппұл өтейді.
Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Өскемендегі ХҚКО неге қолданысқа берілмей тұр