Алматы әуежайының жарығын өшірген адам ұсталды

26.04.2022 01:44

Елдос Қилымжановтың айтуынша, қаңтарда қару ұрлағандар азаптау туралы өтірік шағым түсірген

Қаңтарда қару ұрлағандар азаптау туралы өтірік шағым түсірген. Бұл туралы Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуынша, тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың кейбірі өздерін ақтап алу үшін бізді азаптады деп жалған шағым түсірген екен.

«Жамбыл облысында 5 қаңтарда «Б» есімді азамат тобымен бірге мемлекеттік нысандарды өртеген. Одан кейін полиция департаментінен «Калашников» автоматын, «Макаров» тапаншасын, 2 аңшылық мылтықты және 3 травматикалық тапаншаны жымқырған. Оның қылмысы бейнекамера жазбаларымен, куәгерлердің жауаптары және істің басқа да материалдарымен расталады», – деді ҚР Бас прокуратурасы 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Бейберекет кезінде Алматы әуежайының жарығын өшірген адам ұсталды. Ол бұл әрекетін 5 қаңтар күні бір топ адаммен бірге жасаған. Қазір бұл азаматтың ісі терроризм актісі бойынша сараланып жатыр. Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов тәртіпсіздік кезінде соққыға жығылған полицейдің екі бүйрегі істен шыққанын айтты.

«Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздік барысында содырлар тарапынан Республика алаңында қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асырған Әуезов аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы ауыр жарақат алды. Ереуілшілер оны аяусыз ұрып-соққан», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.