Таразда сотталғандар суық қаруды тоңазытқышта жасырып келген

24.10.2020 00:49

Түрме аумағынан 162 ұялы телефон табылған

Тараз түрмелерінде сотталғандар суық қаруды тоңазытқышта жасырып келген. Түзету мекемелеріндегі тінту барысында ас сақтауға арналған орыннан ара, балға, пышақтар, қолдан жасалған кескіштер сынды 130-ға жуық қару түрі табылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, қызметтік иттердің көмегімен ерекше иісі бар 4 орама тәркіленді. Одан өзге темір тор аумағында 162 ұялы телефон, 14 қуаттағыш құрал, 12 құлаққап, 6 sim-карта алыныпты. Бұл Тараздағы тек 2 мекемеде жасалған тінтудің нәтижесі. Ал, бұндай тәртіп бұзушылыққа түрме әкімшілігінің қалай жол берегені белгісіз.

«Бұл жағдайға байланысты мекемелерде қызметтік тексеру басталды. Егер түзету мекемесінің мамандарының осы іске қатысы бары анықталса, заң аясында шара қолданатын боламыз. Жұмыстан қуылуы да ықтимал. Ал, тыйым салынған заттар сақтаған сотталушылар  қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», – деді Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Бекболат Ескеев.  

Дегенмен түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды тасымалдау әрекеті де толастамай тұр. Мәселен, мекеме қабырғаларынан заттарды асыра лақтыру бойынша жыл басынан бері 80 дерек тіркеліп, 51 азамат ұсталған. Қылмыстық артқару жүйесінің мамандары туған-туысын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандар да тәртіптік жазаға тартылатынын мәлімдеді.