Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіт жазадан құтылып кетуі мүмкін бе

Сгенерировано ИИ
Сгенерировано ИИ

Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі айыпты жігітті кешіретінін мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі айыпты жігітті кешіретінін мәлімдеді. Жәбірленуші бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ал әріптестерінің көзінше ұрып-соғып, жүргізушіні қансыратып қашып кеткен күдікті медицина қызметкерлерінен және халықтан кешірім сұрады.

- Мен зиян келтіремін деп ойлаған жоқпын. Ондай ой мүлде болмаған. Қол көтеріп, жазым жасаған бауырымнан кешірім сұраймын. Алла разылығы үшін кешіріңіздер, - деді күдікті Нұрболат Дәкебаев.

Күдікті видеожазбаны 1 ақпан түні, ұсталар алдында жариялаған. Ал полицейлер Дәкебаевтың өздігімен берілмегенін айтып, арнайы іздестіру шараларын жүргіздік деп отыр.

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамды тапсыру қарастырылған. Бірақ бұл азамат өздігінен берілген жоқ. Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері облыс орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан ауылдардың бірінен 36 жастағы күдіктіні ұстады, - дейді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Осы уақытқа дейін ауруханада ем алып жатқан Төреғали Берікқалиұлы күдіктіні кешіретінін мәлімдеді. Қазір ол екінші отаның жасалуын күтіп жатыр.

- Мен кешірмеймін, оны соттатамын деген дүниені айтқан жоқпын. Олай айтпаймын. Өйткені бәріміз пендеміз, бәріміз қателесеміз, - дейді жәбірленуші Төреғали Берікқалиұлы.

Жедел жәрдем қызметкерлері көлік қоятын тұрақ іздегенде дәл осындай жағдайларға тап болады. Медицина саласында 6 жылдан астам жұмыс істеп жүрген Қуандық Ғафиз әдетте араздасуға дейін бармауға тырысамыз дейді. Дегенмен түсініспеушілік туындайтын кездер де аз болмайды.

- Көліктер жол бермеген кездері келеңсіз оқиғалар болып тұрады. Тұрғын үйлердің ауласына кірген кезде, тұрақ табу қиын. Егер келеңсіз жағдай болса, алдымен өзіміздің аға дәрігерге хабарласамыз. Содан кейін "102" нөміріне қоңырау шалып, жанжалды тоқтатуға тырысамыз, - дейді Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы Есіл қосалқы стансасының фельдшер-жүргізушісі Қуандық Ғафиз.  

2023 жылы жедел жәрдем қызметкерлеріне 55 рет шабуыл жасалған. Оның алтауында қылмыстық іс қозғалса, бес іс бойынша кінәлі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған жағдайларда екі жақ келісімге келіп, татуласқан. Ал жүргізушінің мұрнын сындырып, бірнеше күн іздеуде болған Нұрболат Дәкебаев 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.

Оқи отырыңыз: Алматыда табиғи апатқа медицина қызметкерлері қаншалықты дайын екіні пысықталды

Новости партнеров