Алматыда үлескерлерді алдап келген делдал компанияның басшысы ұсталды

07.03.2023 00:29

Бүгінде алаяқтардан опық жеген 140-тан адам тіркелген

Almaty.tv

Алматыда үлескерлерді алдап келген делдал компанияның басшысы және оның қол астындағы 3 қызметкер ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір пәтерді 2 адамға сатқан. Желтоқсан айында жиналған жұрт қолдағы барын жиыстырып, жақсы ауданнан жайлы баспанаға қоныстанамыз деп үміттенген еді. Халықтың үмітін өшіргендер – құрылыс компаниясы және олардың пәтерін сатумен айналысқан делдал. Дүйім жұрт «Үш қоңыр  және «Весновка» тұрғын үй кешенінің сату бөлімінің айтқанына сеніп, қаржы салған. Ал делдалдар баспананы 2 рет сатып, қалтаны қампайтқан.

«Пәтердің бағасы 24 миллион теңге болды. Толық  төлем жасадым. Бірақ кілтін  1 айдан кейін дайын болғанда беретін болған, 8 ай өтті. Не пәтер, не ақшасы жоқ», – деді үлескер Данияр Ниязбаев

«Пәтер көктемде сатылып кеткен» деп айтты. Маған берген құжатта 2 түрлі келісімшарт бар.Төмен бағамен бізге сатады, жоғары бағамен құрылысшыларға береді», – деді үлескер Фатима Ибадулаева.

Есте болса, өткен бейсенбіде Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде бірнеше тұрғын осы мәселені көтерген еді. Олар қаржы салып, алданып қалғанын айтып, қала басшысынан көмек сұрады.

«Медеу ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешеніне ақша салдық. Баспананы құрылыс компаниясының пәтерлерін сатумен айналысатын ұйым арқылы алдық. Кейін неге екені белгісіз, құрылысты салған және оны сатумен айналысқан  2 компания өзара келісімшартты тоқтатқан. Одан соң, құрылыс та тоқтап қалды. Енді әділдік іздеп шарқ ұрып жүрміз», – деді қала тұрғыны.

«Пәтерлердің не себепті 2 рет сатылғанын білу керек. Біз қазір бұл сұрақпен айналысып жатырмыз. Қаланың прокурорынан мәселені қадағалауды сұраймын. Егер желтоқсан айында қылмыстық іс қозғалса, оны тезірек сотқа жолдайық. Lider компаниясының басшыларын іздеп, ары қарай Ush-Qonyrды салғандардан жауап аламыз. Арест қойылғаннан кейінгі келісімшартты бұзу керек», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.                                                                              Алматы әкімінің араласуымен іс алға жылжыды. Бүгін қалалық прокуратура осы іске қатысы бар, яғни пәтерлерді сатып, делдалдық қызмет көрсеткен компанияның басшысы мен оның қол астындағы 3 адамды ұстады. Олар қалалық тергеу сотының санкциясымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстауға алынды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, тергеу органдары істің мән-жайын анықтау үшін барлық іс-шараны жүргізіп жатыр. Қылмыстық істі тергеп-тексеру қалалық прокуратурасының бақылауында. Ұжымдық арыздың түсуіне байланысты ҚК-ның 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша тергеп-тексеру басталып, осы уақытқа дейінгі кінәлі тұлғалардың әрекеті сараланып, күзетпен ұстауға алынды», – деді қалалық прокуратураның қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры Дәурен Дінбаев.

Ал заңгерлер үлескер болар алдында маңызды бірнеше құжатты сұрау керегін айтады. Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің жергілікті әкімдіктен және Қазақстан ипотекалық компаниясынан кепілдігі болуы маңызды. Оған қоса, келісімшартқа отырар алдында баспананың ең кемінде іргетасы қалануы тиіс. Егер осы құжаттардың бірі жоқ болса, ешқандай келісімшартқа отыруға болмайды. Дегенмен, саңырауқұлақтай қаптаған құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге мораторий жарияланғалы есіріп кеткен көрінеді.

«Егер де нақты арыз түспесе, ГАСК келген жаңағы обьекті барып тексере алмайды. Олардың ондай құқығы жоқ. Алайда сол мораторийге өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін. ГАСК жаңағы құрылыс жүріп жатқан обьектілерге міндетті түрде барып, тексеру жасауға рұқсат беруі керек», – деді заңгер Ғалымжан Әбдуайтов.

Бүгінде алаяқтардан опық жеген 140-тан адам тіркелген. Ал шығынның нақты соммасы анықталып жатыр.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы