«Алатау сити» тұрғын үй кешенінің 37 жастағы тұрғыны бірнеше рет оқ атқан
Алматыда айдың күннің аманында қолына қару алып, елдің үрейін ұшырған күдікті 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құзырлы орган өкілдігінің хабарлауынша, іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. 10 шілде күні кешкі сағат 10.00-де «Алатау сити» тұрғын үй кешенінің 37 жастағы тұрғыны «Вепрь» маркалы атыс қаруын алып бірнеше рет оқ атқанын еске салайық. Абырой болғанда ешкім жараланған жоқ. Полиция департаменті оның бұл әрекетін отбасындағы жанжалмен байланыстырып отыр. Алыс сапардан келген жүк көлігінің жүргізушісі әйелімен сөзге келіп қалған.
«Мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сакцияланды. Аталған азаматтың іс-әрекетін ақтауға келмейді. Себебі ол ықшамауданда 2 мыңнан астам азамат тұрады. Қару ұстауға, сақтауға оның рұқсат қағазы бар. Бірақ орынсыз қару қолдану, көпшіліктің үрейін алу тергеу кезінде сарапталады», – деді Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.